Өзге елдерде қару сатып алу оңай ма?

Әлемде қару-жарақты сатып алу мен оны қолдану шарттары әртүрлі. Бұл туралы толығырақ «ӘЛЕМ» бағдарламасында айтылды.

Ресейде аң аулау немесе өзін-өзі қорғау үшін сатып алуға болады. Бірақ екі жағдайда да азаматтардың жүйке ауруына шалдықпағаны мен есірткіге салынбағаны тексеріледі. Құжаттар толтырылып, арнайы органға жіберілген соң ғана қару сатып алуға құқылы.

Ал дүниежүзінде халық санына шаққанда қаруды ең көп иеленуші мемлекет саналатын АҚШ-та қару емін-еркін сатылады. Заң конституцияның 2-бабымен қорғалған. Бірақ қалаған қаруды алар кезде арнайы анкета толтырып, деніңіз сау, қылмыс атаулыдан таза екеніңізді көрсетуіңіз керек. Ал осы елдің көршісі Канадада қару еркін сатылғанымен, міндетті түрде тіркеледі. Және қару үш санатқа бөлініп, адамға қауіп төндіреді деген тапанша-автоматтарды қарапайым азаматтардың иеленуіне тыйым салынған.

Германияда 2002 жылғы заңға сәйкес, қаруды аңшылар немесе спорттық-қару ұйымдары ғана сатып ала алады. Ал Францияда қару 4 категорияға бөлініп, азаматтарға автоматты және әскери қару иеленуіне тыйым енгізілген. Қалған қару тек арнайы рұқсатпен беріледі.