Чехия билігі заңсыз миграциямен күрес жөніндегі ұсынысын алға тартуда

Чехия билігі заңсыз миграциямен күрес жөнінде өз ұсынысын алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Праганың ұстанымы Еуроодақта қабылданған ережелерге қайшы. Мәселен Одақ елдері арасында босқындарды квота арқылы бөлуді жөн санамайды. Ал заңсыз миграциямен күресті мемлекет ішінде емес, сыртта жүргізу керек деген пікірде.

Еуроодақ босқындарды квота арқылы бөлу ережелерін 2015 жылы бекіткен еді. Оған сәйкес Одаққа мүше елдер өз аумағында 120 мың адамды қабылдауға тиіс болатын. Алайда Чехия бұл жарлықты орындаудан бас тартты. Тіпті осы іс халықаралық сотқа дейін жетті. Бүгінде ресми Прага райынан қайтпай тұр.

Лукаш Гирс, Босқындарға көмек көрсету қорының негізін қалаушы:

Біз ең алдымен өз азаматтарымыздың қамын ойлаймыз. Тәжірибеміз Еуропадағы босқындардың көбісі қылмыстық кәсіппен айналысып жүргенін көрсетті. Осыдан екі жыл бұрын Сербияда болған оқиғаларды еске алайық, сонда келімсектер жергілікті тұрғындарға бас салатын. Біз жолында бөгет қойып тұрған жоқпыз. Бірақ алдымен босқындарға көмек көрсететін мекеме құруды талап етеміз. Әрбір келімсек орналасқан елінің заңдарын сақтауға кепіл беруге тиіс. Үйден шығара алмайтын қонақ болмай, жұмыс істеп, пайда әкелуі керек.

Чехия билік өкілдерінің мәлімдеуінше, Брюссель қабылдаған ережелер заңсыз мигранттар мен босқындарды ажыратпайды. Жергілікті үкімет бұл мәселені Еуроодақ аумағынан тысқары жерде шешу керек деп санайды. Марокко, Түркия және Ливиядан мигранттарды қалай жеткізіп жүргеніне назар бөлу қажет дейді. Ресми Праганың пікірінше, Еуропаға осы жолмен келетіндердің көбісі соғыс пен апаттардан қашқан босқындар емес, жеңіл тұрмыс іздеген заңсыз мигранттар. 

Григорий Колшин, құқық қорғаушы:

– Чехия заңсыз миграциямен күресті үйлестурі жоспарын Словакия, Венгрия және Румыниядағы әріптестерімен талқылауға ниетті. Әдетте тап осы елдер бұл мәселе бойынша Прага саясатын қолдайтын, өйткені Таяу Шығыстан мигранттардың келетін балкан жолы осы мемлекеттердің аумағында өтеді. Мигранттармен емес, сыртқы шекараларымыз арқылы заңсыз келімсектерді жеткізіп жүрген контрабандисттермен күресуіміз керек. Яғни бұл мәселенің салдарын емес, түпкі тамырын шешу қажет.

Чехия билігі босқындарға көрсетілетін қаржылық, техникалық және сарапшылық қолдау ауқымын кеңейтуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, мигранттардың бірыңғай базасын құру керек. Мұнда оларға уақытша баспана тауып, жұмысқа орналасуға көмектеседі, алғашқы уақытта қаржылай көмек бөледі. Чехия бастамасына Дания және Австрия секілді бірқатар еуропалық елдер өз қолдауын білдірді.

Авторлар: Александр Грэс, Павел Невид