АҚШ Ауғанстандағы әскерінің үштен бір бөлігін шығарды

АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарды. Бірақ бұл – жасақтың үштен бірі.

Белгілі болғандай, ауған жерінен 300-ге жуық жүк ұшақ қайтарылды. Ал 13 мың әскери құрал жабдықты жою үшін Қорғаныс министрлігінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету агенттігіне табысталды. Сонымен қатар, Пентагонның айтуынша, америкалық әскер Ауғанстанның Қорғаныс министрлігіне түрлі провинцияларда орналасқан 6 әскери базасын тапсырды.

Айта кетейік, АҚШ пен НАТО-ның әскерін Ауғанстаннан ресми түрде шығару процесі мамырдың 1-і басталған болатын. Жоспар бойынша биыл әскерді 11 қыркүйекке дейін шығару жоспарланған.

Естеріңізге салайық, АҚШ-тың Ауғанстандағы операциясы 2001 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері Альянс күштерінің жауынгерлері 150 мыңға дейін жеткізіліп, 2014 жылы олардың көп бөлігі қайта шығарылды.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

– Біз Ауғанстандағы әскери міндетімізді аяқтағанымызбен, ауған жеріне көрсететін көмегімізді әрі қарай жалғастырамыз. Аймақтағы қауіпсіздік күштеріне кеңес беріп, барынша қолдау білдіреміз. Қаржылай жәрдем де назардан тыс қалмайды.