Израильді 12 жыл басқарған Биньямин Нетаньяху қызметінен кетпек

Израильді 12 жылдай басқарған Биньямин Нетаньяху премьер-министр лауазымынан кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі «Еш-Атид» партиясының жетекшісі Яир Лапид «Біріккен Араб тізімі», «Ямина» және «Жаңа үміт» партиясымен бірігіп, коалициялық үкімет құруға келісті. Енді жаңа Министрлер кабинетін Мемлекет басшысы мен парламент бекітуі тиіс.

Еске сала кетейік, Израильде былтыр үкіметтік дағдарыс туындап, биыл наурыздың аяғында кезектен тыс парламенттік сайлау өткен. Кейін президент додада жеңіске жеткен «Ликуд» партиясының жетекшісі Биньямин Нетаньяхуға жаңа үкімет құруды тапсырған. Бірақ ол кабинетті белгіленген мерзімде жасақтай алмай, мандат «Еш-Атид» басшысы Яир Лапидке берілген еді.