Әлемде климат өзгеріп барады

АҚШ құрғақшылықтан, Боливия өрттен, Қытай судан зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оңтүстіктегі көршімізде пілдер тулап, егістіктің ойранын шығарды. Мексикада жер ортасына түсті. Табиғат неге ашулы?

Биыл Орегон штаты қуаңшылыққа ұшырады. Өңірге бірнеше айдан бері бір тамшы тамбаған. Орман жиі өртенеді. Ағашпен бірге 4 мыңнан астам үй күлге айналған. Былтыр бір түнде 300 үй сіріңкенің қорабы сияқты жанып кеткен еді. Сөйтіп, мыңдаған тұрғын үйсіз қалды. Арада бір жыл өтсе де, жүзге жуық адамның әлі тұрақты баспанасы жоқ. Солардың арасында Смолдар әулеті де бар.

Мелинда Смол, зардап шегуші:

- Орегон жақтағы жағалауда осындай өрт болады деп ешкім ешқашан ойлаған емес. 4 баламыз және атамыз бар. Сақтандыру ақысы ретінде 50 мың доллар алғанбыз. Бірақ бұл ақшаға жаңа үй ала алмайсың. Оның үстіне, көлік тұрағындағы бір бөлмені айына 2 мың доллар төлеп, жалдап отырмыз. Тұрмысымыз қиындап кетті. Балаларымыз «Өз үйімізге қашан ораламыз?» деп күнде сұрайды.

Сарапшылар «бұл жағдайға климат өзгерісінің тікелей қатысы бар», дейді. Өйткені биыл қуаңшылық жайлаған.

Ларри О'Нейл, климатолог:

- Тынық мұхитының солтүстік-батыс жағалауында енді қар ерте ериді, құрғақ әрі ыстық болады. Яғни өрттен көз ашпаймыз деген сөз. Мұндай ауа райын Калифорния штаты соңғы 30-40 жылда бастан кешіп келеді. Құрғақшылық пен өрт енді бізге де келеді. Болашақта бұдан да қиын болайын деп тұр.

Өрт боливиялықтардың да берекесін қашырды. 2500 гектар алқап күлге айналған. Мыңдаған жәндік, жан-жануар тірідей жанып кетті. Оңтүстік Американың өзге өңірінде өсе қоймайтын сирек өсімдіктер жойылудың аз-ақ алдында тұр. Алапат өрт көршілес Парагвайға апаратын жолды жауып тастады. Отукис ұлттық паркіндегі қалың ағаш отты сөндіруге кедергі жасап тұр. Қауіп қазір Чикитано орманына да төнді. Бұл аймақта бірнеше үнді тайпасы өмір сүреді.

Ал Қытайдың солтүстік-шығысы судан зардап шегіп отыр. Толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласқан. Көшелерді су басып, көлік қозғалысы қиындады. Лаолин қаласында жауған бұршақтың үлкендігі бармақтай. Метеорологтар «күшті жел тұрып, жай түсуі мүмкін» деп, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды. Осы Қытайдың Юньнань провинциясында тозған жайылымда жүрген 15 піл тосын мінез көрсетіп, 500 шақырым егіс алқабын жайпап өтті. Қора-қопсыны қиратқан. Мамандар «пілдердің ойран салынуына адамдардың да кінәсі бар» дейді. Соңғы 20 жылда алып жануарлардың жайылымы 40%-ке қысқарған.

Мексикада жер айналып астына түсті. Алып шұңқырдың аумағы бірер күнде 80 метрге ұлғайған. Енді маңайдағы үйлер де жерге жұтылып кетуі мүмкін. Сарапшылар мұның себебін өндірістік компаниялардан көреді. Өйткені кәсіпорындар жерасты суын тоқтаусыз сора берген.

Ал «Мұзды елде» от тауды тесіп шығып, аспанға шапшып жатыр. Исландия астанасынан небәрі 20 минуттық жердегі жанартаудың оянғанына 2,5 айдан асқан. Қып-қызыл лава атқылап жатқан мына бейнежазбаны жергілікті профессор дронмен түсірген. Ғалымдар бұл жанартауды әлі жас деп менсінбейді. Себебі жалынның биіктігі 385 метрге ғана жетеді. Десе де, бұл туристер тартуға қолайлы болып тұр. Өйткені осы жанарутауды қызықтап келетіндер көбейген.

Авторы: Ернат Мелсұлы