Сиднейде локдаун жарияланды

Австралияның Сидней қаласында екі аптаға локдаун жарияланды. Пандемия басталғалы шаһарда алғаш рет карантин енгізіліп отыр.

Бұған дейін өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тәуір болып келген. Алайда коронавирустың Дельта штамы халық тығыз қоныстанған Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына тарап кетті. Соңғы тәулікте ауру жұқтырған 29 науқас анықталды. Жалпы Дельта штамын 80 адам жұқтырған. Карантин жарияланатыны туралы хабар шыққаннан кейін, жергілікті тұрғындар дүкендерге ұмтылып, тұрмысқа қажетті заттарды көптеп сатып ала бастады.

Глэдис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:

- Ковид-19 дертін жұқтыру көбейіп кетті. Сондықтан біз індеттің алдын алу шараларын енгізуге мәжбүрміз. Барлығын қауіпсіздік шаралары мен тиісті нұсқауларды мұқият сақтауға шақырамыз. Тек осылай ғана ауруға тосқауыл қоямыз.