Еуропаны топан су басты, ал Меркель Америкада жүр

Еуропаны су басып жатыр. Қолайсыз ауа райынан Германияда 59 адам ажал құшты. Бельгияда құрбан болған тұрғындар саны 11-ге жетті. Түркияда 6 кісі көз жұмды. Із-түзсіз жоғалғандар тіптен көп. Толассыз жауған нөсер Нидерланд пен Швейцария халқын да әбігерге салды.

Германияның Арвайлер аймағында төтенше жағдай жарияланды. Билік 1300 адамның ұшты-күйлі жоғалып кеткенін хабарлады. Сондай-ақ өңірде 165 мың тұрғын жарықсыз қалған. Рейн өзені мен оның тармақтарының бойында орналасқан көптеген қалада су тасып жатыр. Тасқын судың құрсауында қалған халық құтқарушыларды үйлердің шатырында күтуге мәжбүр. Адамдарды апаттан аман алып қалу үшін тікұшақтар жұмылдырылды.

Малу Драйер, Рейнланд-Пфальц аймағының басшысы:

- Бұл аймақта мұндай апат ешқашан болған емес. Табиғаттың күшіне айтар сөзіміз жоқ. Жанымызға бататыны, апат адамдардың өмірін қиып жатыр. Қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Тағы қаншама тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.

АҚШ-та сапарда жүрген неміс канцлері Ангела Меркель халқына көңіл айтты.

Ангела Меркель, Германия Канцлері:

- Қазір Вашингтонда жүрсем де бүкіл ойым отанымдағы халқыммен бірге. Қайғы жамылған барлық адамға көңіл айтамын. Бейбіт кезде үлкен қасіретке тап болдық. 

Көршілес Бельгия тұрғындары да суға белшесінен батты. Қатты нөсерден соң Маас өзені тасып, үйлер мен жолдарды шайып кетті. Мұнда да электр желілері үзілген. Елдің шығысында қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Синоптиктер жауын-шашын апта соңына дейін жалғасады деп ескертті. 

Нидерланд та үлкен судың құрсауында қалды. Мыңдаған адам жарықсыз отыр. Әсіресе Германиямен шекаралас Лимбург провинциясына ауыр тиді. Билік тұрғындарды шұғыл көшіріп жатыр.

Швейцарияның орталығында рекордты көлемде жауын-шашын түсіп, Люцерн қаласын су басты. Қала жанындағы көлдің суы 10 сантиметрге дейін көтеріліп, қауіп-қатердің ең жоғары бесінші деңгейі жарияланған. Мамандар арнайы қоршаулар орнатып жатыр.

Патрик Чарпиллоз, жергілікті тұрғын:

- Өзім өмірімде алапат су тасқынын 2-3 рет көрдім. 2005 жылы осындай су астында қалып, біраз әбігерге түскенбіз. Абырой болғанда, бұл жолғы тасқынның зардабы аз сияқты.

Түркияның Еуропа аумағындағы Ризе провинциясын да су шайып, лай көшкіні жүрді. Әсіресе биік жерлерде орналасқан елді мекендер қатты зардап шеккен. Билік аймақта іздеу-құтқару операциясын жүргізіп жатыр.

Ернат Қашқынов