Вакцина туризмі жайлы естіп пе едіңіз?

Вакцина туризмі жайлы естіп пе едіңіз? «Қандай да бір себептерге байланысты ковид вакцинасын өз елдерінде салдыра алмаған туристер шет ел асып, екпені сол жақта алып жатыр», – дейді мамандар. Әсіресе АҚШ-қа ағылып жатқандардың саны артуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген америкалық ковид вакцинасын алуды қаламай отырған уақытта, миллиондаған турист ат арытып АҚШ-қа арнайы екпе салдыру үшін ағылып жатыр. Бұл – халық арасында вакцина туризмі атымен белгілі жаңа тренд. Екпеге алуға деген сұраныстың көптігі соншалық, кейбір әуежайларда орналасқан вакциналау орталықтарында екпе салдыруға жазылған халықтың 80 процентін амеркалықтар емес, шетелдік туристер құрап отыр. Қай елдерден?

Рокзана Тан, Филиппин азаматы:

– Менің елімде вакцина алу өте қиын. Одан да мұхит асып осында келгенім артық болды. Бір оқпен екі қоянды атуға болады деп ойлаймын. Вакцинамды да аламын, саяхаттап та үлгеремін.

Вакцина алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Әуежайдан шықпай-ақ екпе салдыруға болады. 18 жасқа толсаңыз болғаны, кедендік бақылаудан өтіп, кезегіңізді алып, бір сағаттың ішінде екпе қабылдайсыз. 

Дог Якель, әуежай өкілі:

– Біздің әуежайға қонып жатқан шелелдіктер негізінен Johnson & Johnson вакцинасын салдыруда. Өйткені ол – бір ғана дозалық вакцина. Бірнеше айдан бері біздегі орналасқан вакциналау клиникасы 58 елден келген мыңдаған туристке вакцина салып үлгерді. 

Дегенмен мұндай трендтің екінші жағы бар. Шет ел асып вакцина салдырып жатқандардың дені бақуатты елдерден келетін қалтасы қалың туристер. Ал вакцинаға шын мәнінде мұқтаж жандардың шет ел аспақ түгілі, қала орталығындағы ауруханаға да баруға мүмкіндігі жоқ. Бір ғана мысал, Сингапур, Дания, Араб Әмірліктері мен Канада сияқты дамыған елдерде халықтың 70-тен астам проценті вакцина салдырып үлгерсе, Африка континентіндегі жағдай мүлдем басқа. Екпе салдырғандардың саны тіпті екі процентіне де жетпейді. Ондай мұқтаждықта қайтпек керек? 

Авторы: Талғат Алманов