АҚШ Кабулдан 17 мың адамды эвакуациялады

АҚШ Кабул әуежайы арқылы осы уақытқа дейін 17 мыңнан аса адамды эвакуациялаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 2 жарым мыңы – америкалық. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің өкілі Джон Кирби мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір әуежай маңындағы ахуал өте күрделі әрі құбылмалы. Осыған байланысты Кабулдағы АҚШ азаматтарына әуе айлағына уақытша келмеу ескертілген. Себебі әуе айлағы маңында мыңдаған адам жиналғандықтан шетелдіктердің ішке өтуі қиын. Жалпы Пентагон қазір ауған жерінде 15 мыңдай америкалық барын айтады.

Джон Кирби, АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Кабулда жағдай тұрақсыз. Әуежай маңындағы ахуал сағат сайын өзгереді. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Әскерилер адамдардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны қабылдауға күш салып жатыр. Қажеттілікке қарай қауіпсіздік мәселесіне өзгерістер енгізіліп тұратын болады.