Бельгия Ауғанстаннан азаматтарын шығаруды доғарды

Бельгия лаңкестік әрекеттер болу қауіпіне байланысты Ауғанстаннан азаматтарын шығару операциясын доғарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Александр Де Кро бұл елден 1400 адам эвакуацияланғанын хабарлады. Арасында Нидерланд пен Люксембург азаматтарының 300-дей баласы бар. Бельгияның әскери тасымалдаушы ұшақтары Кабулдан Исламабадқа 23 рейс жасаған. Осыған дейін АҚШ президенті Джо Байден Үлкен жетілік тобының төтенше бейнесаммитінде Ауғанстаннан эвакуациялау мерзімін ұзарту лаңкестік әрекеттерге әкелуі мүмкін деп ескерткен болатын. Мұндай қауіп барын Ұлыбритания қорғаныс министрінің орынбасары Джеймс Хиппи мен НАТО басшысы Йенс Столтенберг де мәлімдеді.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

– Кеше Кабул әуежайында жағдай едәуір қиындады. Оған қоса, америкалық және өзге де дереккөздерден әуежай маңында жанкешті жарылыс жасайды деген хабар алдық. Дегенмен қақпа арқылу өту қиын әрі ондай мүмкіндік болмағанын байқадық. 

Людивин Дедондер, Бельгия қорғаныс министрі:

– Ауғанстандағы өкілдеріміз және өзге елдер де әскери және консулдық қызметкерлерін Кабулдан шығара бастағанын хабарлады. Сондықтан үкімет Кабулдағы әскери отрядты Исламабадқа шақыртып алмақ. Соңғы C-130 ұшағы Исламабадқа қонып, «Қызыл кезқұйрық» операциясының бірінші кезеңі аяқталғанын мәлімдеді.