Чехияда түрмеден мерзімінен бұрын шыққандар тез арада жұмысқа тұруы тиіс

Чехияда сотталған  қылмыскерлердің 65 проценті жазасын түрмеде емес, үйде өтейді. Оларды пробация қызметі бақылайды. Мамандар жазасын өтеушілердің тәртібін қадағалап қоймай, жұмыспен қамтуы тиіс.

Томаш Петрусевич кезінде көшедегі жылдамдық шектеуін елемейтін жүргізушінің бірі болатын. Бұл әдеті ақыры қылмыс жасауына әкеп соқты. Екі жыл түрмеде отырған соң бостандыққа шығып, пробация қызметінің бақылауына өтті. Бірнеше күннен кейін ол арнайы кеңсеге барады. Онда оның жұмыс кестесі әзірленіп, таңдауына қоғамдық еңбектің бірнеше түрі ұсынылады. Томаш солардың бірін таңдап, бірнеше айдың ішінде қызметкер атануы тиіс. Бұл еркіндікке мерзімінен бұрын шыққандардың барлығына қойылатын ортақ талап.

Томаш Петрусевич, сотталушы:

- Бостандыққа шыққаныма 10 минут болды, болашақта мені не күтіп тұрғанын айту қиын. Жұмыс істеп, жаңа өмір бастаймын. Түрмеге оралғым келмейді. Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағаным үшін төрт рет ұсталып, мені кешірген болатын. Бесінші рет абақтыға қамады. Қазір түзелуге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Оны пайдаланбау нағыз ақымақтық болады.

Чехиядағы пробация қызметі аз уақыттың ішінде Еуропадағы өзге елдерге үлгіге айналды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бостандыққа мерзімінен бұрын шыққандардың 13 проценті ғана талаптарды бұзады. Ал пробация қызметінің бақылауына өткендердің 9 проценті қайта қылмысқа барады. Еуропаның өзге мемлекеттерінде бұл көрсеткіш 24 пен 16 процент шамасында. Алайда бұл мүмкіндік сотталғандардың барлығына бірдей берілмейді. Бала зорлау, адам өлтіру, тонау сияқты қылмыс жасағандар кесілген жазаны соңына дейін өтейді. Шығын көлемін толық өтемеген жемқорлар да белгіленген уақыттан ерте босай алмайды. 

Марта Гатиш, Чехия пробация қызметінің аға психологы:

- Бостандыққа шығудың басты шарты - қоғамдық еңбек. Көптеген елде ауыр жұмысқа салады, сондықтан олар одан қашады. Біз сотталғанға дейін айналысқан жұмысын немесе өзі қалайтын қызмет тауып беруге тырысамыз. Оларды қылмыскер деп бөліп жармаймыз. Кей сотталғандар аспаз, балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүр.

Тадеуш Моровски, Чехия түрмелер басқармасының бөлім басшысы:

- Әр адам бостандыққа шығудың шарттарын мұқият орындауы тиіс. Радиобілезікті сирек тағамыз, бірақ айыпталған бабына сәйкес, белгілі бір мерзімде полициямен байланысып, қайда жүргенін хабарлауы керек. Кураторы телефон соққысы келсе, үнемі байланыста болуға міндетті. Сондай-ақ түнгі оннан кейін үйден шығуға, қаладан кетуге және бұқаралық шараларға қатысуға тыйым салынған. Иә, біз оларға сенім артамыз, бірақ белгіленген ережелердің шегінен шықпаймыз.  

Қаңтар айында Еуроодақ мемлекеттерінің қылмыстық-атқару мекемелері бас қосады. Жиын Брюссельде өтеді. Онда қылмыскерді түзеудің, оны қоғамдық еңбекке тартудың чехиялық үлгісі талқыланады. Билік жуық арада тағы бір қадамға барғалы отыр. Елде сотталғандардың жұмысқа тұруына мүмкіндік беретін кәсіпорындардың тізімі кеңейеді. 

Алексей Лаптенок, Григорий Ганецкий