Қырғызстанда парламенттік сайлау қарсаңында жаңа рекорд орнатылды

Қырғызстанда 28 қарашада Жогорку Кенешке сайлау өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы шара қарсаңында елде жаңа рекорд орнатылды. Парламенттік сайлауға қатысуға 75 саяси партия ниет білдіріп отыр. Олардың осыншама көп саны сайлаушылардың таңдау жасауын қиындатып жіберді.

Партиялардың осыншама көбеюінің басты себебі – сайлау межесінің төмендетілеуі. Бұрын парламентке өту үшін 7 проценттен көп дауыс жинау қажет болған. Енді 5 процент. Осыған байланысты сайлаушылар үшін таңдау жасау қиындап кетті. Партиядан өзге, енді ол тізімде дауыс беретін үміткерді белгілеуі керек. Рейтинг бастаған үздік он үміткер парламентке өтеді.

Абсамат Масалиев, Қырғызстан коммунистері партиясының төрағасы:

– Партия жетекшілерінің көбісі партия үшін дауыс беріп, екінші  бағанын белгілемеңдер дейді. Сонда оларға оңай болады. Әйтпесе партия басшылары аз дауыс жинап, парламентке өтпеуі де мүмкін. Ал орталық сайлау комиссиясы көп дауыс жинаған үміткерлерді алға шығарады.

Болашақ парламентте 54 орын саяси партияларға, ал 36 орын бірмандатты округтарда жеңген үміткерлерге беріледі. Орталық сайлау комиссиясы ел аумағын 36 аймаққа бөлді. Әрқайсысында 100 мыңнан аса адам тұрады. Бірмандатты округтарда тек елде бар азаматтары дауыс бере алады. 

Нұржан Шайлдабекова, Қырғызстанның сайлау және референдумдар өткізу комиссиясының төрағасы:

– Шетелге уақытша кеткен азаматтарымыздың барлығында Қырғыз республикасында тұрақты тіркеуі бар. Олардың сайлау құқығы шектелген жоқ, Қырғызстанда болса, дауыс бере алады. Бұл - халықаралық тәжірибе, әдетте бірмандатты округтар бойынша шетелде дауыс берілмейді.

Сайлауға екі ай қалғанда Орталық сайлау комиссиясы жұртқа дауыс беру ережелерін түсінікті тілмен жеткізуге тырысуда. Өйткені түсініспеушілік сайлау нәтижелері бойынша дауға, тіпті наразылыққа да әкелуі ықтимал. 2020 жылы парламенттік сайлаудағы ереже бұзушылықтар жаппай тәртіпсіздікке себеп болған еді.

Авторы: Бақыт Чермашев