Германияда вакцинадан бас тартқандар ПЦР тестті өз ақшасына тапсырады

Германияда вакцина салдырудан бас тартқан тұрғындар коронавирусқа тестті өз қаражатына тапсырады.

Бұдан былай ел азаматтары ковидтің бар-жоғын анықтау үшін 12 еуроға жуық ақы төлеуі керек. Бұл шамамен 6 мың теңге. Осылайша билік өкілдері екпе салдырғандар қатарын арттырмақ ниетте. Бұған қоса бюджет қаржысын үнемдеуді де көздейді. Себебі індет басталғалы Германия тегін экспресс-тесттерге 5 миллиард еуродан астам қаржы жұмсаған.

БЛИЦ:

- Өз басым вакцина салдырғанмын. Себебі бұл өте маңызды. Тезірек қалыпты өмірге оралудың бірден бір жолы. Иә, тестілеу ақылы болғанын қолдаймын. Өйткені екпе қабылдамағандар тест құнын өз қалтасынан төлеуі керек.

- Мен Швейцариядан келдім. Біздің елде вакцина алу ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ мейрамханаға барғыңыз келсе, сізден сертификат немесе теріс нәтижелі тест анықтамасын талап етеді. Олар әзірге тегін. Алайда оны Германия секілді ақылы ету жағы талқыланып жатыр.

Айта кетейін, Германияда мейрамхана, кинотеатр мен фитнес залдарға кіру үшін азаматтар міндетті түрде екпе қабылдауы керек. Немесе тестілеуден өткенін растаулары тиіс.