Нью-Йорктен Майамиге 11 мың теңгеге ұшуға болады

БҰҰ-ның зерттеуінше, 2020 жылы жаһандық туризм 2,4 триллион доллар шығынға батты.

Биыл бұл көрсеткіш 4 триллонға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Дельта штамының өршуі салаға ауыр соққы болды. Алайда әлем елдері тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Мәселен, Америка Құрама Штаттары қарашадан бастап 30-дан астам елге қойылған шектеулерді алып тастайтынын мәлімдеді.

Туризм саласы жанармай мен химиялық өнімдерден кейінгі экспорттың ең ірі секторларының біріне жатады. Әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 10 процентін құрайтын қызмет көрсету индустриясы – кейбір елдер үшін табыстың негізгі көзі. Алайда Құрама Штаттар олардың, яғни туризмге тәуелді елдердің қатарына кірмейді. Дей тұрғанмен, бұл саланың тұралауы ел экономикасына айтарлықтай әсер етті дейді мамандар.

Эд Сальвато, туризм журналының бас редакторы, саяхаттанушы:

– Пандемияға дейін көршілес Канада мен Мексикадан келетін туристерден АҚШ қоржынына 1.2 триллион доллар түсетін, ал қазір бұл көрсеткіш 600 млрд-қа да жетпейді. АҚШ-та туризмінің тұралағаны соншалық, миллиондаған адам жұмыссыз қалып, табысынан айырылды. Ал жұмыссыздықтың өсуі сөзсіз экономиканың әлсіреуіне әкеледі. Жағдайды оңалту үшін шетелдік туристердің келуіне жағдай жасауымыз керек деп ойлаймын.

АҚШ үкіметі былтырғы жылдың наурыз айында күшіне енген шекаралық шектеулерді алып тастады. Енді қарашаның 8-нен бастап Иран, Бразилия, шенген елдері мен өзге де 33 мемлкеттің туристері АҚШ аумағына өте алады. Басты талап толықтай вакцина алсаңыз болғаны дейді Ақ үй өкілдері. Мұндай ақжолтай хабар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін де қуантқаны сөзсіз.

Армандо Агулиар, кәсіпкер:

– Шетелдік туристердің еш қиындықсыз келе алатыны өте жақсы жаңалық. Өйткені біздің кәсібімізде туристерден көбірек пайда түседі. Мен сияқты өзге де бизнес өкілдері осы уақытқа дейін шетелдік туристердің жоқтығынан қиналып келгенін білемін.

Шетелдік және жергілікті туристерді тарту үшін ұшақ билеттері де біршама арзандаған. Мәселен Нью-Йорк пен Майами аралығына қатынау үшін билет құны 24 доллардан басталады. Бұл шамамен 11 мың теңге және Ақтөбе мен Нұрсұлтан қаласының арасындай қашықтық.

Сала мамандарының айтуынша, мұндай жеңілдіктер ұзаққа созылмауы мүмкін. Өйткені өзге елдерге қойылып келген шектеулер алынған соң шетелдік туристер тым көбейіп кетуі ықтимал.

Эд Сальвато, туризм журналының бас редакторы, саяхаттанушы:

– Қазір жай ғана маусымдық жеңілдіктер болып жатыр. Бірақ бұл баға қыстың келуімен өзгерері сөзсіз. Өйткені қыс мезгілінде Нью-Йорк сияқты суық қаладан жылы жақа қарай ұшамын деушілердің саны артады. Қазірдің өзінде қонақ үйлердің бағалары көтерілуде. Содан-ақ байқай берсеңіз болады.

Мамандардың айтуынша оң өзгерістерге қарамастан туризм саласының пандемияға дейінгі қалпына келуі үшін бір емес, бірнеше жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Өйткені ұзақ уақыт тұралап қалған саланың жандануы әлем халықтарының толықтай вакцина алуына да байланысты. Ал бұл процесс анау айқтандай қарқынды жүріп жатқан жоқ дейді сарапшылар.

Талғат Алманов

Сондай-ақ...