Сириядағы жарылысты ешбір ұйым мойнына алған жоқ

Сирия астанасы Дамаскіде автобус жарылып, 14 адам қаза тапты. Тағы 3 кісі жарақат алған.

Жергілікті мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, олардың барлығы - әскерилер. Көлік көпірден өте бергенде 2 жарылғыш зат іске қосылған. Жарылмай қалған үшінші бомбаны кейін мамандар залалсыздандырды. Билік қанды оқиғаны "лаңкестік шабуыл" деп атады. Алайда бұл жарылысты  әзірге ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ. Сирия үкіметі елдің шығысында "ДАИШ" экстремистері әлі де бар деп есептейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, араб мемлекетінде азаматтық соғыс басталған 2011 жылдың наурызынан бері қақтығыстардан 350 мың адам ажал құшқан.