Қытайда жылжымайтын мүлікке салық салатын болды

Әзірше бұл пилотты жоба, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын бұл салықты тек ірі қалалардың тұрғындары төлейтін. Тәжірибе ретінде өтетін жоба барысында үкімет кімге және қандай мөлшерде салық салатынын анықтайды. Билік өкілдерінің пікірінше, бұл тым қымбаттап кеткен тұрғын үйлер бағасының өсуін тоқтатуға септігін тигізеді.

Тәжірибелік салық тұрғын үйлер мен өзге жылжымайтын мүлікке салынады. Одан тек ауылды аймақтағы кей үйлер босатылады. Жаңа ережелер әзірше елдің тек бірнеше өңірінде қабылданады. Бастамашыларының пікірінше, бұл шара нарықтағы алыпсатарлықты доғаруға арналған тағы бір құрал.

Лю Фэн, экономист:

– Үй – қарапайым адамдардың негізгі мүлкісі. Алғаш рет баспанаға ие болған және екінші үй сатып алатын адамдар арасында зор айырмашылық бар. Алғашқы баспана қолжетімді болуы керек, оған қоса екінші немесе үшінші пәтерді сатып алуды шектеп, алыпсатарлыққа жол бермеуі қажет.

Бұрын тек екі Шанхай және Чунцин қалаларында тұрғын үйлерге салық болатын. Бұл да тәжірибе ретінде өткен жоба болды. Мұнда салықты екінші пәтері бар адамдар мен қымбат үйлердің иелері төлейтін. Мөлшері ауданына қарап есептелетін. Соңғы жылдары Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай күрделі. Алыпсатарлықтың кесірінен бағасы тым қымбаттап кетті. Соңғы 10 жылда бірнеше есе өскен. Қарапайым халықтың әсіресе жастардың пәтер сатып алуға мұршасы жетпейді. Елдегі ең ірі құрылысшылардың бірі – Evergrande Group компаниясындағы дағдарыс саладағы ахуалды ушықтырып жіберді. Әрең дегенде дефолттан аман қалған компанияның әлі де қарызы көп. Үкімет өкілдері жағдай тұрақты және экономиканың жалпы өсіміне әсер етпейтініне сендіріп отыр.

Фу Линхуэй, ҚХР мемлекеттік статистикалық басқармасының ресми өкілі:

– Жылдың басынан бері жылжымайтын мүлік нарығының ұзақ мерзімді тетігін жетілдіру бойынша шаралар қабылданып, негізсіз сұраныс және құрылыс компаниялардың несиелер есебінен кеңеюі шектелді. Мұның бәрі жылжымайтын мүлік нарығының жалпы тұрақталуына әкелді.

Жергілікті сарапшылардың пікірінше, жаңа салық байлар мен кедейлер арасында алшақтықты азайтуға бағытталған. Сондай-ақ пәтерлерді қолжетімді етуге көмектеседі. Бұл шарада жекеменшік инвесторлар зардап шегетіні анық. Бәлкім енді көбісіне жылжымайтын мүлкінен құтылып, қаражат салудың жаңа амалын іздеуге тура келеді.

Ботагөз Сырғабаева