Қытайдың «Голливудында» пандемиядан кейін жұмыс қызды

Коронавирус індетін тізгіндеген Қытайда кино өндірісі жылдам қалпына келе бастады. Елдің шығысындағы Чжэцзян провинциясында «Қытай Голливуды» атанған «Хеңдиан Әлемдік студиясында» шаруа қауырт. Түсіру топтары қатаң кестеге сай жұмыс істеп жатыр. 30 қыркүйекте экранға жол тартқан бір ғана «Чанцзинь көліндегі айқас» тарихи фильміне сатылған билеттердің жалпы бағасы 815 миллион доллардан асып түсті. Сарапшылар ел экономикасының тұрақты қалыпқа келуі үшінші тоқсанда да жалғасып жатқанын алға тартады.

У Хауфең, операциялар бойынша директор:

- Қазан айының аяғына дейін бізде жұмыс істеу үшін 342 түсіру тобы мен 46 фирма тіркелді. Тағы 56-сы түсіру алаңын жасақтап жатыр. Бұл рекордты көрсеткіш.

 Жи Фейна, фильм зерттеу институтының профессоры:

- Кино өндірісі дағдарыстан айығып келеді. Қазір коронавирустан кейінгі жағдайға бейімделу жүріп жатыр. Арада үлкен үзілістің болғанына қарамастан көрермендер қатары көбеймесе, азаймағанын көріп отырмыз.

Жапония астанасында мейрамханалардың жұмыс істеу уақыты ұзартылды. Осыған байланысты келушілер көбейіп, табыс көлемі күрт өскен. 9 қазанда Токио әкімшілігі бір күнде 82 адам ғана коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Бұл соңғы 1 жылда тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Содан бері шектеулер алынып, бизнес жандана бастады. Жаңа шешім бойынша шаһардағы 102 мыңнан астам мейрамханаға, яғни тамақтану орындарының 85 процентіне түнгі 11-ге дейін жұмыс істеуге рұхсат берілген. Бұл мекемелер 11 ай бойы кешкі 9-дан кейін жабылып қалатын. Осы аралықта мейрамханалардың пайдасы 70 процентке қысқарды. 

Халықаралық валюта қоры әлемдік экономика сауығады деп сүйіншіледі. Болжам бойынша Еуропалық одақ елдерінің экономикасы тұрақты қалыпқа келе бастайды. Мұндай жағымды жорамал жасауға макроэкономикалық саясат пен дағдарысқа қарсы шаралардың қабылданып жатқаны басты себеп дейді сарапшылар. Яғни биыл Еуропа мемлекеттерінің жалпы ішкі өнімі 6 процентке қысқарып, бірақ келесі жылы 5 процентке өспек. Ал Африканың экономикасы дағдарыстан әзірге айықпайды. Бұған вакциналау науқанының баяу жүруі себеп.