Жаһандық жылыну мәселесі бойынша БҰҰ конференциясы басталды

Шотландияның Глазго қаласында БҰҰ конференциясының 26-шы сессиясы өз жұмысын бастады.

Екі апта бойы жүздеген басшылар мен мыңдаған делегат ғаламдық жылыну мәселесін талқылайды. Алты жыл бұрын мемлекеттер климаттың өзгеруімен бірлесе күресуге уағдаласқаны белгілі. Париж келісіміне қол қойған елдер жаһандық температураның 2 градустан жоғары көтерілмеуіне ықпал етуге келіскенді.

«Шешуші сәтке дейін санаулы секундтар қалды». Ұлыбритания премьер-министрі әлем елдерінің көшбасшыларын ғаламдық проблемаға сергек қарауға шақырды. Халықаралық конференцияның ресми ашылуындағы баяндамасында ол климаттың өзгеруімен күресте адамзат артта келеді, «бүгін батыл қадам жасамасақ ертең балаларымыз ештеңе де істей алмайды», деп дабыл қақты. Ол 120-дан астам әлем көшбасшысын көмір тұтынуды кезең-кезеңімен азайту, электр энергиясымен жүретін көлік құралдарын арттыру, ормандарды жоюды тоқтату және климаттың өзгеруімен күрес үшін дамушы елдерді қаржыландыру бағытында әрекет етуге үндеді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Дамушы елдер қолдауды қажет етеді. Сондықтан оларға жылына 100 миллиард доллар бөлу өте маңызды. Бірақ шынын айту керек, біз ол межеге жеткен жоқпыз. Ұлыбритания өз кезегінде бұл бағыттағы міндеттемелерін орындау үшін 11,6 миллиардқа тағы бір миллиард қосып, инвестиция көлемін ұлғайтпақшы. Бұл көмектеседі деп үміттенеміз.

Қазақстан да климаттың өзгеруімен күрес бойынша өз пайымын ортаға салмақ. Пленарлық отырыстардың алдында Орталық Азия өкілдерінің бастамасымен арнайы көрменің ашылуы өтті. Су дефициті, жерлердің шөлге айналып, құнарлылығының жоғалуы, парникті газдың ауаны ластауы сияқты мәселелер өңір үшін өзекті болып тұр. Еліміздің атынан Жасыл технологиялар орталығының өкілдері қатысып, бірқатар проблемалардың біріге шешу жолдарын ұсынды.

Данияр Ереншінов, «ХЖТИЖО» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

– Жасыл технологиялар орталығының ең озық қолжетімді техникалар мен технологиялардың Орталық Азиядағы бюросын ашу бастамасы Аймақтық экологиялық орталық деңгейінде қолдау тапты. Жасыл климаттық хаб ашу бастамамыз да мақұлданды. Осы істер арқылы бірінші рет біріге әрекет етудің мүмкіндігі туғалы отыр.

Конференцияның алғашқы екі күнінде әлемнің жетекші экономикалары – Үлкен жиырмалыққа мүше елдердің басшылары жеке кездесулер өткізді. Олар Париж келісімінің негізгі тармақтарын қаншалықты орындағандарын талқылады. Айта кетейін, келісімге сәйкес мемлекеттер ауаны ластауды азайту, жаңаратын энергия өндірісін арттыру және дамушы елдерге климаттың өзгеруімен күресте көмектесу сияқты міндеттемелерді мойындарына алған болатын. Бірақ көптеген сарапшылар әлем көшбасшылары ортақ келісімге келе алмай, мақсат орындалмауы мүмкін деп болжайды. Өйткені ауаны көп ластайтын төрт мемлекеттің үшеуі: Қытай, Ресей және Үндістан 2050 жылға қарай парник газдарының атмосфераға шығарылуын нөлге дейін азайту бастамасын қолдамайды. Ресей мен Қытай бұл іспен 2060 жылға қарай айналысамыз десе, Үндістан әзірге пікір білдірмей отыр.

Ғалымжан Қараманұлы