Корея халқы қалыпты тірлігіне орала бастады

Оңтүстік Кореяда карантин талаптары 1 қарашадан бері жеңілдеп, халық  қалыпты тіршілігіне қайта орала бастады. Елде жаңа туристік бағыттар ашылып, осыған дейін қызмет еткен демалыс орындары толық қуатында жұмыс істей бастады.

Владислав Цой, тілші:

- Чиаксан ұлттық саябағы орналасқан Вонджу  - Кореядағы тау туризмінің орталығы. Сондай-ақ мұнда спорттық жүріс фестивалі өтеді. 

Бұл Кореядағы ең ұзын  тау көпірі. Оның ұзындығы 200 метр. 100 метр биіктікте орналасқан нысан 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасы кезінде ашылған. Бір жыл ішінде мұнда 1 миллионнан астам адам келген. Бірақ коронавирус пандемиясы кезінде туристер саны 2 есе азайды. Көпірдің өзі ғана туристерді қызықтырмайды, сондықтан жергілікті билік тағы оншақты жаңа нысан салуға шешім қабылдады. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – екі жүз метр биіктіктегі ұзындығы 404 метрге жететін шыны көпір. Нысандардың құрылысы пандемия кезінде де тоқтаған жоқ.

Вон Чхан Мук, Вонджу қаласының мэрі:

- Құрылыс аяқталуға жақын. Биыл аспалы жолдан басқаның бәрі ашылады. Мұнда 1 жылда 3 миллион турист келеді деген үміттеміз.

Туристерді қызықтыратын тағы бір нысан – медиафасад. Ені 250 метр, биіктігі 70 метрлік Согымсан тауының бетінде жарық шоу көрсетіліп, оның жанында музыкалық субұрқақ жұмыс істейді. 

Жаңа туристік нысандардың құны 118 миллион доллардан асады. Індет жұқтырғандар саны азаймаса да, Вонджу мэриясы инвестицияны өтей алатынына сенімді. Өйткені бұл қалаға Сеулден жүрдек пойызбен 1 сағатта жетуге болады. COVID жағдайы нашарласа да, Вонджу туристерді қарсы алуға дайын. Өйткені барлық нысандар таза ауада орналасқан. 

Владислав Цой, Ольга Лян