Қытайда вакцина салдырғандар саны 1 млрд-тан асты

Қытайда бір миллиард жүз миллионнан астам адам толық вакциналанды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Жалпы бұл елде екі жарым миллиардтай екпе салынды. Сондай-ақ, халыққа үшінші екпе егіліп жатыр. Бірінші кезекте егде жастағы кісілер, кеден, теңіз айлақтары мен ауру жұғу қаупі жоғары өзге мекемелердің қызметкерлері алады. Қытай вакциналау науқанын өткен жылдың соңында бастап, биыл күзде 3 жастан асқан балаларды егуге кірісті. Бүгінде халықтың 77% вакциналанған. "Омикрон" штамының таралуына байланысты Қытай вакциналардың оған қарсы тиімділігін тексере бастады.

Сюй Вэньбо, ҚХР вирустық аурулардың алдын алу мен бақылау институтының директоры:

– "Омикрон" штамының ақуызында маңызды аминоқышқылдардың мутациясы бар. Ол "альфа", "бета", "гамма" мен "дельта" штамдарында табылған және оның көмегімен иммундық жауаптан құтылады. Қазіргі штамм иммунитетті қаншалықты басатыны әлі анықталған жоқ. Қытайда инактивті, ақуызды және векторлық вакциналармен қоса түрлі препараттардың "омикрон"штамына әсерін зерттеуге кірісіп кетті.