АҚШ-та ковидпен ауырғандар саны тәулігіне 120 мың адамнан асып отыр

Ал Нью-Йорк штатында ковид індетін жұқтырғандар 21 мыңнан асып, жаңа антирекорд тіркелді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл соңғы 21 айда болмаған көрсеткіш дейді мамандар. Елдің басты мегаполисінде індетпен ауырғандар саны соңғы бір аптамен салыстырғанда 10 процентке өссе, ауруханаға түскендер 22 процентке көтерілді. Омикрон штамының салдарынан қаладағы үш білім беру ордасы жабылып, тестілеу орталықтарының алдында ұзын-сонар кезек қалыптасуда. Офистер мен жұмыс орындары онлайн режимге көшіп, қала орталығындағы кейбір ресторандар жұмысты уақытша тоқтатып жатыр. Осы аптадан бастап қоғамдық жерлердің жабық ғимараттарында маска тағу қайта күшіне енді. Эпидахуалдың түзелуі халықтың жаппай вакциналануына байланысты дейді дәрігерлер. Жалпы Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша Америка Құрама Штаттарында ковидпен ауырғандардың саны тәулігіне 120 мың адамнан асып отыр және елдің солтүстік-шығыс, орталық және оңтүстік штаттарында қатерлі індеттің күшеюі тіркелуде дейді мамандар.

Кэти Хокул, Нью-Йорк штатының губернаторы:

– Мерекелік күндердің жақындауына байланысты адамдар сақ болуы тиіс. Вакцина алып, маска тағуды қаперде ұстауы аса маңызды. Бұл қалаларымызды және экономикамызды қайтадан локдаунға түсіргіміз келмейді. Халқымыз осы уақытқа дейін біраз қиындық көрді. Сол үшін індетті жеңу халықтың қолында.

Рошель Валенски, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының басшысы:

– Нью-Йорктегі эпидахуал қиындап барады. Бұл мегаполисте омикронды жұқтырғандардың саны 13 процентке дейін жетеді деп күтілуде. Рас, кейбір вакциналанған адамдар да омикронды жұқтырып жатыр, бірақ оларды симптомдары әлдеқайда жеңіл. Сол үшін вакцина алуларыңызды қайталап еске саламыз. Ал өзге штатарды алатын болсақ, амеркиалық науқастардың дені дельта штамын жұқтырғандар. Шамамен 96 процент. Ал омикронды жұқтырғандар салыстырмалы түрде төмен, 3 процент болып отыр.