Германия тұрғындары қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды

Германия вакциналауды күшейтті. Билік Рождество мерекесі кезінде де екпені тоқтатпайды. Акция да жариялады.

Демалыс күндері дүкен, сауда орталықтары жабық болғанмен, клиника, вакциналау орталықтары, мобильді екпе егу орындары жұмыс істеді. Екпені мұражай, қонақ үй, вокзалдарда алуға болады. Тіпті атақты Кёльн шіркеуінде де вакциналау орыны ашылып, ұзын-сонар кезек болды. Екпе салдырушылардың да қарасы көп.

Қазір Германияда халықтың 70 проценттен астамы толық вакцина салдырған. Үкімет омикронға байланысты бұл межені 80 процентке жеткізбек. Бустерлі вакциналау да қарқынды. Үшінші дозаны 29 миллион адам, яғни халықтың 35 проценті алып үлгерген.  

Випке Берлин, тұрғыны:

– Маған Байонтек вакцинасын ұсынды. Бірден келіп екпе алдым. Жанама әсерлері болған жоқ. Вакцина салдыруды қолдаймын. Мереке күндері де вакциналауды жүргізу дұрыс шешім болды. Берлинде екпе салдырам деушілерге ешқандай қиындық жоқ. Барлық қазақстандықтарды вакцина алуға шақырамын.

Марсель Берлин, тұрғыны:

– Мен мереке күндері де вакциналауды жүргізу өте маңызды деп ойлаймын. Әсіресе, апта бойы жұмыс істеп тек демалыста қолдары босайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы. Өзім үшінші дозаны алдым. Отбасымды қорғау үшін бірден осындай шешім қабылдадым. Менің әке-шешем 70-тен асқан. Сондықтан олардың денсаулығы маңызды. Егер үкімет төртінші вакцина салдыр десе, бірден келісер едім.