Оңтүстік Корея тұрғындары онлайн саудаға $14 млрд жұмсаған

Оңтүстік Кореяда сауда қызып тұр. Сауда болғанда бұл алып-сатудың онлайн түрі. Бұл жақтың тұрғындары биыл дәл осы интернет саудаға бұрынғыдан 20 процентке көп шығынданған. Виртуалды дүкеннің артықшылығы үйде отырып-ақ өзге елдегі тұтынушыға тауар сата аласың. Бұл жаңашылдықтан Кореядағы қазақтар да құралақан емес. 

Түн ауса да, Сеул маңындағы мына қоймада сауда қызу. Өйткені қазір онлайн сауданың дәурені жүріп тұр. Күнделікті қым-қуыт тіршілік: аптасына 6 күн, таңғы сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейтін тұтынушыға осы ыңғайлы. Жұрттың дүкенге барып жүруге уақыты жоқ.

Гүлжан Қабышева, онлайн дүкеннің менеджері:

– Кореяда тұратын біздің замандастар, біздің жерлестеріміз жақсы заттар қайда сатылатынын білмейді, сатылса да қымбат түсүі мүмкін. Сондықтан да біз тікелей эфирде фейсбукта әр складқа барып осындай күшті-күшті  заттарды, өте арзан 70-90 пайыз жеңілдікпен алып, оларға сатамыз.  Жақсы өтетін заттар болады. Бір размер көп адамға керек болып жатады. Сондайда жеткізіп береміз.

Онлайн дүкенде жұмыс істеу бір қарағанға оңай да тәрізді. Камера алдында сөйлеп отырсаң болғаны деп ойларсыз. Бірақ сатушы 5 сағат бойы тікелей эфирде дамыл таппайды. Бір сәт тыныстауға мұрша жоқ. Тіпті кейде сауда қыза-қыза таңға дейін созылатын кездер болады.

Интернет-дүкеннің иесі бірнеше жыл Қазақстанда жұмыс істеген. Онда алғашқыда шетелдіктер үшін бейнеблог құруды ойлаған еді. Бірақ кейіннен интернет арқылы киім-кешек, аяқ киім сатуға ұсыныс болып, іске кіріскен. Сөйтіп, кәсіптің қызығына түсіп, сауданы да меңгерді. Қазір бұрынғы кеңес өкметінің құрамында болған елдердің бәрінен тапсырыс алады.

 Чон Хен Чоль, онлайн сауда компаниясының басшысы:

– Енді интернет арқылы әлемнің кез келген нүктесінен тауар сатып алуға болады. Бірақ веб-сайтта сіз тауарды тек фотода көре аласыз, ал онлайн-трансляция басқа нәрсе. Ол әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде өтеді және бір уақытта жүздеген сатып алушымен байланысуға, өнім туралы толыққанды білуге мүмкіндік береді.

Пандемия кезінде дәрігерлер тұрғындарға адам көп жиналатын орындарға бармауды ескерткені белгілі . Осы кезде халық интернет-дүкеннің пайдасын көрді, затты үйден шықпай-ақ сатып алуға болатынын білді. Соның бір айғағы биылғы өткен он айда Кореяда 14 миллиард доллардан астам сомаға виртуалды сауда жасалған. Интернет-дүкендер пандемиядан кейін де жабылуы екіталай. Өйткені уақытқа үнем әрі шығыны әлдеқайда аз. Мұны қазір тұтынушылар да түсінген.

Владислав Цой, Ольга Лян