Тонгадағы жағдайды анықтауға Жаңа Зеландиядан барлау ұшағы аттандырылды

Жаңа Зеландия мұхит астындағы жанартаудың атқылауынан Тонга еліне келген шығынды анықтау үшін барлау ұшағын аттандырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуе кемесі аралды елді шолып шыққан соң, табиғат апатынан оқшауланып қалған мемлекетке кемелер жіберіп көмек көрсету көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Тынық мұхитында Тонгаға жақын жатқан су астындағы Хунга-Хаапай жанартауы оянып, 20 шақырым биіктікке дейін күл шашқан еді. Отты таудың атқылауынан кейін Тынық мұхиты жағалауындағы бірқатар елдің аймақтарына алып толқындар соқты.