Биыл 2020 жылға қарағанда әлдеқайда қиын болады – Халықаралық валюта қоры

Женевада жаһан экономикасын қалпына келтіру бойынша талқылаулар өтті.

Халықаралық валюта қоры басшысының айтуынша, ағымдағы жыл індет басталған 2020 жылға қарағанда әлдеқайда қиын болады. Өйткені қазіргі уақытта әлем стагфляция құбылысын, яғни экономикалық дағдарыстың инфляциямен ұштасқан кезін бастан өткеріп отыр екен. Жалпы осы жылдың негізгі проблемалары – қымбатшылық, мемлекеттік қарыздың артуы мен пандемия болмақ. АҚШ-та инфляция деңгейі 5,5 процентті құраған. Бұл Еуропадағыға қарағанда 2 есе жоғары. Жақында Федералды резервтік жүйенің пайыздық мөлшерлемелері көтеріледі деген болжам бар. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қарызы көп елдерге кері әсерін тигізбек. Яғни жаңа мемлекеттік дефолтқа әкелуі мүмкін. Жалпы алғанда пандемия биыл да біздің өмірімізге әсер етуін тоқтатпайды. Экономиканың тез қайта қалпына келуі тек халықты вакциналау деңгейі жоғары мемлекеттерде ғана байқалады. Ал бүкіл әлем бойынша бағаның өсуі тек келер жылы ғана тоқтайды,- дейді халықаралық сарапшылар.

Кристалина Георгиева, ХВҚ Басқарушы директоры:

- Инфляция деңгейі не себепті өскенін түсінуіміз керек. Талдау жасап, қорытынды шығару қажет. Жауапкершілік тек орталық банктердің мойнында ғана емес. Өйткені өсімнің бірнеше себебі бар. Сұраныс өте жоғары. Ал ұсыныс болса артта қалып қойып жатыр. Жеткізу тізбегі жиі бұзылып жатқандықтан ұсыныс жағы зардап шегуде. Мұндай сәтсіздіктер ішінара пандемиямен байланысты.  Ал азық-түлік бағасының өсуі, климаттың өзгеруі, сондай-ақ энергия бағасының өсуімен байланысты.