Ресей мыңнан астам әскери нысанның талқандалғанын мәлімдеді

Ресейдің қарулы күштері Украинаның мыңнан астам әскери нысанын талқандады. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Олардың айтуынша, Украина әскерінің 250-ден аса танкісі мен 30 ұшағы жойылған. Ресми Кремль өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск Халық Республкасы күштерінің алға жылжып бара жатқанын алға тартады.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Өкінішке қарай, біздің әскер қатарында адам шығыны бар. Бірақ құрбандар қатары көзі жойылған ұлтшылдар санынан әлдеқайда аз. Қолға түскен немесе өз еркімен берілген украиналық тұтқындарға тиісіп жатқан жоқпыз. Олардың Украина халқына ант бергенін жақсы түсінеміз. Қарсылық танытпай, берілгендерді отбасына қайтарамыз.

УКРАИНА РЕСЕЙ ӘСКЕРІНІҢ КЕРІ ШЕГІНІП ЖАТҚАНЫН ХАБАРЛАДЫ

Ал Украина өз кезегінде ел астанасының қорғанысы мықты әрі көп деңгейлі екенін мәлімдеді. Ресми Киевтің айтуынша, жау шегініп барады. Олардың ақпараты бойынша, 350 бейбіт тұрғын қаза тапқан, арасында 14 бала бар. Ал Ресей жағынан 4 мыңға жуық сарбаз жер жастанған. Кремль бұл мәліметті әзірге растаған жоқ.

Алексей Арестович, Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі:

– Осының алдында Киевке қарай 3 зымыран атылды. Біздің авиация мен зеңбіректеріміз қарсы шабуылдап жатыр. Киевке қарай келе жатқан жаудың әскері тоқтап қалды, кейбір бөлімдері кері шегінуде.