Азия елдері бойынша инфляция ең үлкен көрсеткішке жетті

Азия мен Латын Америкасында инфляция деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропа елдерінде де жағдай мәз емес. Шри-Ланка 1948 жылы тәуелсіздік алғалы ең күрделі экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Елдегі рекордтық инфляция Азия елдері бойынша ең үлкен көрсеткішке жеткен. Жуырда аралдағы мемлекет дефолт туралы жариялады. Сарапшылар былай боларын баяғыдан-ақ білгенбіз дейді. Олардың айтуынша, билік жылдар бойы несие алып, салық саясатын дұрыс жүргізбеген. Коронавирус пандемиясы кезінде ахуал қиындап, Украинада шиеленіс басталғанда, одан бетер ушығып кеткен. Соның салдарынан кейінгі айларда елде азық-түлік, дәрі-дәрмек мен отын тапшы. Электр энегиясын өшіру оқиғалары жиілеп кеткен. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып, ереуілдер де толастар емес. Жарық болмағасын, дүкендердің біразы жабылған. Жұрт сағаттап жанармай құю бекетінде кезекте тұруға мәжбүр. Тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін мұнда сарбаздар сақадай сай тұр.     

Былтыр коронавирус есімізді шығарып еді, биыл экономикалық дағдарыстан қиналып жатырмыз. Қазір бекеттерде жанармай жоқ. Ақша айырбастау орындарында доллар жоқ. Басқасын айтпағанда, бізде тіпті үйде тамақ пісіретін сұйық май қалмады.

Сенесіздер ме, біз күніне бір рет қан тамақтанамыз. Өйткені азық-түлік табу оңай емес. Бағалары қымбат. Керек десеңіз, балаға қажетті құрғақ сүттің өзін сатып ала алмай отырмыз. Аштан өлетін түріміз бар.

АРГЕНТИНА ИНФЛЯЦИЯ ЖАЙЛАҒАН ЕЛДЕРДІҢ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЫНДА ТҰР

Латын Америкасындағы ахуал да күрделі. Мәселен, Аргентина қазір әлемде инфляция жайлаған елдердің алдыңғы қатарында тұр. Өткен айда оның деңгейі 6,7 процентке дейін жеткен. Бұл кейінгі 20 жылда болмаған көрсеткіш. Ресми мәліметке сәйкес, Аргентинаның 45 миллион тұрғынының 37 проценті кедейшілікте өмір сүреді. Кейінгі уақытта мұнда жұмыссыздар қатары артып барады.

Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

Инфляция деңгейінің артуына байланысты тұрмысы төмен тұрғындар үшін жәрдемақы қарастырылады. Бұл Украинадағы шиеленіске байланысты астық экспортын арттыру нәтижесінде табысы артқан комапниялар есебінен жүргізіледі.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева