Польша мен Болгарияға «Газпром» газы жеткізілмейді 

Польша мен Болгарияға енді Ресей газы келмейді. Екі елдің де энергетикалық концерні «Газпром» компаниясынан көгілдір отынның жеткізілуі толық тоқтатылатыны жайлы ескерту алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Болгарияның «Булгар-газ» компаниясы келісім шартқа сәйкес жаңа талаптарға бағынудан бас тартқан. Польша болса, келісімшартты бұзған «Газпром» компаниясына шағымданатынын айтты. Қазір Польша билігінің хабарлауынша, елдің газ қоймалары 76 процентке толы. Бұған қоса газды өзге елден импорттау мүмкіншілігі бар екенін айтып отыр. Естеріңізге салайық, бұған дейін Варшава мен София да Мәскеудің газды рубльмен сатып алу талабынан бас тартқан болатын.

Матеуш Моравецкий, Польша Премьер-министрі:

– Польша бұған дейін газды жеткізу жолын әртараптандыру үшін тиісті әрекет етті. Мен бұл туралы Балтық газ құбыры қосылмай тұрып бірнеше рет айтқан болатынмын. Біз өз экономикамыз бен тұтынушыларымызды қорғай аламыз.