Қытай зейнетақы жүйесін реформалауға кірісті

Қытайда егде жастағы тұрғындардың саны күрт өсіп келеді. 2025 жылға қарай ел бойынша 60 жастан асқандардың үлесі 20%-ке, ал 2035 жылы 30%-ке жетеді. Бұл мемлекеттік органдардың болжамы. Сондықтан елде шұғыл түрде зейнетақы жүйесін реформалауға кірісті. Қазіргі жүйеге жекеменшік зейнетақы жүйесі қосылды.

Бала туу азайып, өмір сүру ұзақтығы артқаннан кейін Қытай әлемдегі ең қарт елдердің біріне айналды. Қазірдің өзінде халықтың 20 проценті егде жаста. Ал зейнетке шығу жасы өзгерген жоқ. Әйелдер елу бесте, ал ер адамдар алпыста зейнетке шығады. Ал зиянды өндірісте жұмыс істеген әйелдер бұдан да ерте шығуы мүмкін. Дегенмен, билік әзірше зейнетке шығу жасын көтеруді көздеп отырған жоқ. Қазір жүйені реформалау қарастырылып отыр. Осыдан 30 жыл бұрын қаланған жүйе үш бөліктен тұрады. Біріншісі негізгі мемлекеттік зейнетақы бір миллиардтан аса адамды қамтиды. Ол еңбек өтілі мен өңірдегі жалақының орта деңгейіне байланысты. Екінші жинақтау бөлігін 2004 жылы ендірді. Ол еңбекке жарамды халықтың 10 процентін қамтып отыр. Негізінен ол мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлері.

Цяо Голян, заңгер:

- Мемлекет барлық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері үшін әлеуметтік сақтандыруды төлеуді міндеттейді. Одан тиісті жасына жеткенде зейнетақы төленеді. Жалпы 15 жылдан аса жарналар төленсе, қызметкердің белгіленген мөлшерде зейнетақы алуға құқығы бар. Оның мөлшері табысына байланысты болмақ. Алайда әр қалада зейнетақының ең аз мөлшері жөнінде өз шарттары бар.  

Ал ең аз бөлігі жекеменшік салымдар. Оған тұрақты табысы жоқ ел ішіндегі мигранттар қатысады. Жалпы зейнетақы қорларының жалпы көлемі 2 триллион доллардан асты. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 13%. Салыстырсақ, АҚШ немесе Сингапурден үлесі едәуір артық. Қазірдің өзінде кейбір аймақтарда қаражат жетіспей жатыр. Сондықтан билік жеке меншік зейнетақы бағдарламасын ендіре бастады. Оған сәйкес, азаматтар жылына 12 мың юаньға дейін қаражатты кепілденген қаржылық өнімдерге құйып, салық жеңілдіктерін ала алады. 

Ли Чжун, ҚХР Еңбек ресурстары мен әлеуметтік қамту министрінің орынбасары:

- Жекеменшік зейнетақы механизмі қазіргі жүйені толықтырады. Оны мемлекет қолдап, біртіндеп ендіре бастайды. Бір жыл ішінде бірнеше қалада сынақтан өткеннен кейін бүкіл ел аумағында ендіреміз.  

Бұл қаражатты зейнетке шыққанда жұмсауға болады. Мамандардың пікірінше, жекеменшік жүйе, қартайып жатқан халық мәселесін шешумен қатар капитал нарығын ұзақ мерзімді әрі тұрақты қаражатпен қамтиды. Жылына жекеменшік жүйе активтер басқару нарығына кем дегенде 120 млрд юань құяды деген болжам бар.

Ботагөз Сырғабаева