Боливияда қар жауып, күн суытты

Боливияның Эль-Альто қаласында күтпеген жерден қар жауды.  Аймақта ауа температурасы минус 10 градусқа дейін төмендеген. Бұл кейінгі 24 жылда болмаған ең төменгі көрсеткіш. Эль-Альто әлемде ең биік орналасқан шаһарлардың бірі саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қазір қыс мезгілі болса да, әдетте күн бұлай суытпайтын. Қардың жаууы - тіптен сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан тұрғындар табиғаттың тосын мінезіне дайын болмағандарын айтады.

Болжам бойынша биыл қар жаумау керек еді. Бұлай боларын білгенде, картоп екпес едік. Енді міне күн күрт суытып, өнімнің бәрі бүлініп кететін болды.

Әдетте мұндай күн райы шілденің басында тіркелетін. Біз бұған дайын болмадық. Сондықтан балалар ауырып, жөтеліп жатыр.

ФРАНЦИЯДА БӨДЕНЕНІҢ БАСЫНДАЙ БҰРШАҚ ЖАУДЫ

Ал Францияда дүлей дауыл соққан. Алас-күлесте 1 адам көз жұмды. Тағы 15 тұрғын жарақат алған. Табиғат апаты салдарынан темір жол қатынасы тежеліп, әуе сапарлары кейінге шегерілді. 15 мың үй жарықсыз қалды. Қазір электр энергиясын беру қалпына келген. Билік шығын көлемін есептеп жатыр. Күшті желмен қоса Францияда теннис добындай бұршақ та жауған.      

АҚШ-ТА ТҰРҒЫНДАР ТІЗЕДЕН СУ КЕШІП ЖҮР

АҚШ-тың Майами қаласында «Алекс» тропикалық дауылы ойран салды. Күшті желмен қоса мұнда  жауын жауып, көшелерді су басты. Көлкіген су астында қалған көлікте есеп жоқ. Тұрғындар тізеден су кешуге мәжбүр.

ФИЛИППИНДЕ ЗІЛЗАЛА ЖАНАРТАУ ТУҒЫЗДЫ

Ал Филиппинде жер сілкініп, артынан Булусан жанартауы атқылады. Тақаудағы бірнеше елді мекенді күл басты. Абырой болғанда, жапа шеккендер жоқ. Десе де мамандар жанартаудың атқылауы жақын арада басылмайтынын ескертеді. Сондықтан билік тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...