Нидерландта фермерлер шеруге шықты

Нидерландта елдің түкпір-түпкірінен 40 мыңға жуық шаруа Строе ауылына жиналды. Бұл күрежолдың бойындағы елді мекен болғандықтан көлік кептелісі пайда болып, бірнеше автомагистраль жабылып қалды. Ереуілшілер үкіметтің азот және аммиак қышқылының зиянын азайту жоспарына қарсы. Өйткені елде ет және сүт шығаратын кәсіпорындардың 30 пайызы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ал былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 100 миллиард еуродан асқан еді.  

Тинеке Де Врис, шаруа

- Нидерландта басқа Еуроодақ елдеріндегіндей түрлі ереже көп. Әрі жиі өзгеріп тұрады. Ал бізге тұрақтылық керек. Заңдар тым құрығанда 20-30 жыл сақталса дейміз. 

Джордже Милоевич, кәсіподақ өкілі:

- Бізге ұсынып отырған өтемақы өте мардымсыз. Бұл жағдайға біз кінәлі емеспіз. Үкімет те, компания да жұмысшылардың ойымен санасып отырған жоқ. Негізі бұл зауыт жабылмауы керек.

Чилиде жұрт зауыттың жабылғанына наразы  

Ал Чилидің Вальпараисо қаласында мыс өндіретін зауыт жабылды. Әлемдегі ең ірі компанияның бірі Codelco "кәсіпорындағы экологиялық жағдай талапқа сай емес" деген уәж келтірген. Бірақ олар да жұмыссыз қалатын адамдардың тағдырын ойламаған сияқты. Осыған ашынған еңбеккерлер ереуілге шықты.

Амадор Пантойа, мыс өндірісі қызметкерлері федерациясының президенті:

- Экологиялық нормаларға жауап беретін жаңа зауыт салу керек. Біздің осы талабымыз жерде қалмайды деп сенеміз. Заманға сай түрлі амалдар жасауға болады ғой.

Эквадорда наразылық қақтығысқа ұласты                              

Наразылықтың ең сорақысы Эквадорда болып жатыр. Қымбатшылыққа қарсы бас көтерген тұрғындар полициямен қақтығысты. Бір ереуілші жан тапсырды. 114 полицей жарақат алған. Тағы 18 сақшы із-түзсіз жоғалып кетті. Ел бойынша 104 белсенді қамауға алынды. Өткен аптадан бері елде жанармай, азық-түлік және басқа зәру заттар қымбаттаған. Полиция көшеге шыққандарды тарату үшін көздан жас ағызатын газ қолданды.