Мексикада жер астында қалған кеншілерді құтқару жалғасып жатыр

Мексикада 5 күн бұрын 10 жұмысшы қамалып қалған кен орнына билік 6 сүңгуір жібереді.

Олар әрқайсының тереңдігі 60 метрге жететін 3 құдықты сүзіп шығады. Бұған дейін жерасты шахтасы судан тазартылған болатын. 3 тамызда экскаватор жер қазып жатып, туннельдің қабырғасын қоса күреп тастаған. 5 кенші су басқан шұңқырдан шығып үлгірген. Қамалған жұмысшылардың туған-туыстары апат аймағынан бір сәтке де кетер емес. Олар кеншілер ауа жұтатын саңылау тауып, тірі қалуы мүмкін деп үміттенеді.

Сесилио Морено, қамалған 2 кеншінің туысы:

- Бауырларымды құтқару үшін жердің астына түсуге дайынмын. Бұл жай ғана сөз емес. Өзім бала кезімнен кен орнында жұмыс істегенмін. Қауіпсіздігімізге ешкім алаңдамаса болады. Маған рұқсат берсе екен деймін.