Әлемде кеңсе тауарлары қымбаттады

Бұл көрсеткіш Бельгияда 40 пайызға жетті. Қымбатшылық Қытайдағы ата-аналардың да қалтасы қақты. Онда әр жыл мезгіліне арнап, киім алу керек. Ал Ресейде орташа чек 13 мың рубльді құрайды. Оның 30 пайызы кеңсе тауары шығындалады.

Түркияда кеңсе тауары екі жарым есе қымбаттады. Тіпті кейбір аймақта баға бұдан да жоғары. Былтыр ғана 1 лираға сатылған қалам қазір 4 лира, ал 80 беттік дәптер 20 лира тұрады. Кеңсе тауарын арзандату үшін қосымша құн салығын қазіргідей 18 емес, 1 пайыз қылу керек дейді сарапшылар.

Ахмет Билгин, кеңсе тауары дүкенінің иесі:

- Биыл кеңсе тауарының бағасы былтырғымен салыстырғанда 150 пайызға қымбаттады. Инфляция артқан сайын баға да көтеріліп жатыр. Бір оқушыға қажетті оқу құралдары мен сөмкеге 2 мыңдай лира жұмсалады.

Бельгия

Бельгиядағы оқу құралдары да күрт қымбаттады. Кейбір тауардың бағасы 40 пайызға өскен. Энергия көздерінің тапшылыққа айналуы - басты себеп. Кеңсе заттарын сатушылар Украинадағы қақтығысқа байланысты тауар жеткізудің қиындағанын айтады. Қазір қағаздың да бағасы удай. Дәптер, күнделік, қалам-қарындаш, сызғыш, калькулятор мен мектеп киімі де өте қымбат. 

"Оқуға қатысты барлық заттар қатты қымбаттады. Жаңа ғана ұлыма 2 дәптер мен қаламды 30 еуроға алдым. Өте көп ақша." 

"Былтырғыға қарағанда жағдайымыз қиын. Әсіресе қаламның бағасы удай. Көп адамның табысы төмен. Жұмыс та тапшы."

Қытайда да қымбатшылық. Мәселен, бір баланы мектепке дайындауға кемінде 100 мың теңгедей шығын кетеді. Бұл сомаға тамақ кірмейді. Оқулық пен жұмыс дәптерін мектеп береді. Кеңсе тауары, оның ішінде, сурет пен музыкаға қажет заттар 200 юань тұрады. 

"Мектеп киімі күзгі, қысқы және көктемгі деп бөлінеді. Олардың бәріне кемінде 500 юань жұмсалады. Ал аяқ киімді қос-қостан алуымыз қажет." 

"Қандай киім алу керектігін мектеп өзі айтады. Арнайы сілтеме жібереді, сол жерден алуымыз керек. Қалам, дәптердің қымбатын алмауға кеңес береді. Өйткені барлық оқушылар тең болуы керек деген қағида бар."

Ресей, Мәскеу

Ресейде бірінші сыныпқа баратын оқушы қызға 26 мың 800 рубль, яғни 205 мың теңге жұмсалады. Бұл жергілікті статистика қызметінің мәліметі. Ал ұл баланы жасақтау 35 мың теңгеге арзандау екен. Бір жылдың ішінде кеңсе тауары 15 пайызға өскен. Ал онлайн кассаның дерегін талдаған мекеме бұл көрсеткіштің 20 пайызға жеткенін алға тартады. Биыл Ресей мектептеріне 1 миллион 800 мың оқушы бірінші сыныпқа барады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордты мәлімет.

Ботагөз Сырғабаева, Дана Нұржан, Меруерт Қанаға, Жаннат Эрнст

Сондай-ақ...