Қазақстандық дизайнерлер Лондондағы сән көрмесіне қатысты

Лондонда қазақстандық дизайнерлер күзгі және қысқы сәнді киім жиынтықтарын, сондай-ақ зергерлік бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Шетелдік тігін және қолөнер бұйымдары шеберлерінің басын қосқан «Мықтылығыңды әлемге паш ет» атты іс-шара виртуалды форматта өтті.

Өнерде шекара да, шектеу де жоқ. Оған тіпті пандемия да кедергі бола алмайды. Жыл сайын Ұлыбритания астанасында сән әлемі өкілдерінің басын қосатын көрме биыл онлайн форматта ұйымдастырылды. Әдетте қаржылай қиындыққа байланысты Лондонға бара алмай, байқаудан шет қалатын қазақстандық дизайнерлердің көрсетілімге жылдағыдан көбірек қатысуына мүмкіндік туды. Алты бірдей отандық тігін және қолөнер бұйымдарының шеберлері өз өнімдерін алдын ала дайындалған бейнебаяндар арқылы көпшілік назарына ұсынды. Шараға қазақстандықтардан бөлек британдық, франциялық, кипрлық, белорусиялық және қырғызстандық дизайнерлер де қатысты. Көрермендер қатарында халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. 

Максин Гриффитс, сән сарапшысы:

- Қазақстандық зергер Нұрдос Әлиасқаровқа ерекше алғысымды білдіргім келеді. Маған оның қолынан шыққан бұйымдар өте қатты ұнады. Мен Нұрдоспен жуық арада байланысып, қызметіне жүгінбекшімін.

Сән көрмесінің ұйымдастырушысы қазақстандық дизайнер Алма Фармер. Ол 20 жылдан бері отбасылық жағдайына байланысты Лондонда тұрады. Соңғы жылдары отандастарының және жалпы қазақ мәдениетінің әлемде кеңінен танылуына ықпал етумен келеді. Шараның мақсаты бизнес үшін қиын уақытта замануи интернет-технологиялар мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, дизайнерлерді демеп жіберу. Сондай-ақ сән индустриясының өкілердерін табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға шақыру, дейді Фармер.

Алма Фармер, SILK ROAD FASHION LONDON компаниясының басшысы:

- Бірнеше дизайнердің қоршаған ортаға зияны жоқ өнімдерден жасаған бұйымдарын көрсетілімге ұсынғанына қуаныштымын. Мүмкін олар 100%-ке экологиялық таза емес шығар. Бірақ бұл бағытта жұмыс жасалып жатқанына және өзгерістер бар екендігіне ризамын.  

Шара соңында сарапшылар «Экологиялық сән», «Заманауи этника», «Сәні келіскен күнделікті киім» сияқты аталымдар бойынша қатысушыларды бағалады. Ұйымдастырушылар сән көрмесі келер жылы дәстүрлі офлайн форматқа көшеді деген үмітте.

Автор: Ғалымжан Қараманұлы