Қазақстандық кино фестивалі Франция, Бельгия және Люксембургте өтеді

Қазақстандық кино Франция, Бельгия және Люксембург тұрғындарына көрсетіледі. Үшінші рет өтіп жатқан кинофестиваль француз тілді көрермендерге киносаламыздың ең қызық туындыларын ұсынады. Алғаш рет бұл іс-шара үш бірдей елді қамтып отыр.

Алғаш рет Қазақстан кино фестивалі Париж мэриясының патронажымен ұйымдастырылып отыр. Оның ашу салтанаты мэрияның тарихи ғимаратында өтеді. Ал фильмдердің көбі Салтанат аркасы маңындағы кинозалда көрсетіледі. Фестиваль президентінің пікірінше, бұл жергілікті жұрттың қазақстандық киноға қызығушылығының өсуін айғақтайды.

Андрэ Иванов, Қазақстан киносының француз қауымдастығының президенті:

- Фестивальді Франция жұрты ұзақ күткен «Томирис» фильмінің француз тіліндегі тұсаукесерінен бастауды шештік. Бұл Қазақстан кинематографының ең қызық туындыларының бірі. Бұл фильмді Францияда бірнеше жыл күткен еді.

Жергілікті қауымға «Сары мысық» фильмі көрсетіледі. Бұл картина келер жылы «Оскар» сыйлығы үшін күреседі. Сондай-ақ халықаралық фестивальдерде киносыншылар жылы қабылдаған «Барымташылар» картинасы, Диордың шабыты болған Алла Ильчунның өмірін баяндайтын дерек фильм мен Ермек Шынарбаев түсірген «Қазақ тілі сабақтары» атты картинасы ұсынылады. Фестивальдің соңғы кеші Сатыбалды Нарымбетовке арналып, оның «Аманат» туындысы көрсетіледі.

Андрэ Иванов, Қазақстан киносының француз қауымдастығының президенті:

- Қазақстан киносы француз қауымдастығының мақсаты - Қазақстан кинематографын ілгерілетіп, француз тілді елдермен ынтымақтастық орнату. Франция, Бельгия және Люксембургтегі көрсетілімдерден кейін географиямыз өзге де француз тілді елдерге ұлғаятынына үміттімін. Бұл Швейцария мен Канада секілді елдер.

Фестиваль аясында Қазақстан және Франция кино өкілдері үшін бизнес-форум өтеді. Санитарлық шектеулерге байланысты жұрт кинотеатрларға бара алмайды. Сондықтан ұйымдастырушылар былтырғыда фильмдердің бір бөлігін сайтқа шығаруды ұйғарды. Осылайша француз тіліндегі қазақстандық киноны түрлі елдердің көрермендері тамашалай алмақ. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан