Жергілікті қоғамдық кеңестерді қаржыландыруға екі млрд теңге бөлінеді

Орталық және жергілікті қоғамдық кеңестер қаржыландырылатын болды.

Заңдағы өзгеріске сай республикалық бюджеттен 65 млн теңге және өңірлердегі кеңестерге 2 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржыға кеңсе тауарлары алынып, көліктік шығындар өтеледі және білікті сарапшыларды тарту көзделіп отыр. Қоғамдық кеңес қызметін жетілдіру аясында мемлекеттік сатып алу жұмыстарын бақылау міндеті жүктелді. Сондай-ақ кеңес мүшелері жергілікті құқық қорғау органдарының жыл сайынғы есебін тыңдайды. Айта кетейін, бүгінге дейін олар 19 мыңнан аса сұрақты қарап, төрт мыңға жуық нормативтік құқықты сын тезінен өткізген.

Болат Тлепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Бұдан былай жергілікті деңгейлерде ұйымдастыру жұмыстары мәслихаттарға жүктеледі. Өздеріңізге мәлім бұл міндет бұған дейін жергілікті әкімдіктерде болатын. Алайда қоғамдық кеңестердің бастамасы бойынша және депутаттардың қолдауынан кейін заң жобасына тиісті өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ кеңес өз қызметін қоғамдық бастама негізінде жүргізетіндіктен оның қызметінің кейбір аспектілерін қаржыландыру мәселесін шешу жолдары қарастырылып отыр.