Елорданың сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы қалай жүріп жатыр?

Сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр.

Дәл қазір арна тілшісі Дариға Ташенова арнамыздың түсірілім тобымен Ұлттық академиялық кітапханадағы учаскеде жұмыс істеп жатыр. Дариға, сайлау барысы жайында баяндап берсеңіз. Сіз тікелей эфирдесіз.

Дариға Ташенова, тілші:

- Қайырлы күн Азамат! Иә, біз шамамен бір сағат бұрын осы сайлау учаскесіндегі жұмысымызды бастадық. Дауыс берушілер аз емес. Таңдауын жасаймын деген азаматтар біртіндеп келіп жатыр. Ғимаратта сайлаушылардың еш кедергісіз дауыс беруі үшін барлық жағдай бар десек қателеспейміз. Мәселен, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қажетті санитарлық талаптар орындалып жатыр. Кірген бетте азаматтардың дене қызуы өлшенеді. Олардың қажетті қорғаныс құралдарының бар екендігі тексеріледі. Егер маскасын ұмытып кеткендер болса, жергілікті мамандар оларды құралдармен қамтамасыз етуге дайын.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін тек Парламент қана емес, мәслихат депутаттарын сайлау да жүріп жатыр. Дауыс берушілер Мәжіліске кіретін 98 депутатты таңдайды. Қалған 9 депутатты ертең Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын болады. Мәжіліске өту үшін үміткерлер кем дегенде сайлаушылардың 7% дауысын жинау керек. Мәжіліс депутаттарын сайлау нәтижелері алдағы 7 күн ішінде жариялану керек. Ал мәслихат депутаттарының есімдері қаңтардың 15-іне дейін белгілі болады деп жоспарланған. Ал біз болсақ, сайлау учаскелеріндегі жұмысымызды жалғастырамыз. Бар ақапаратты келесі эфирлерде баяндайтын боламыз.