Алматыдағы ұлттық табиғи парктердің жер телімдері инвесторларға жалға беріледі

«Алтын-Емел», «Шарын» мен «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи парктерінің жер телімдері инвесторларға көп жылға жалға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше қорғалатын табиғаты көрікті жерлерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Үш паркте салынатын нысандар мен даму жоспары парктердің жанынан құрылған Қоғамдық кеңес отырысында таныстырылды.

Барлық парк аумағында алдағы екі жылда визит-орталықтар, қонақ үйлер, демалыс орындары, саяхат жасайтын маршруттар және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін компаниялар экологиялық талапқа сай жұмыс істеуі керек. Қоршаған ортаны ластамау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиян келтірмеу – басты талап.

Ал ұсынылған жобаны іс жүзінде іске асыру үшін инвесторлар арасында байқау өткізіледі. Ол туралы ақпарат ұлттық табиғи парктердің ресми сайттарында жарияланған.