Алаяққа алданған атыраулықтар шу шығарды

Үй алып беремін деген алаяққа алданған атыраулықтар облыстық прокуратураның алдында шу шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «миллиондап ақша жымқырған алаяқ әйел әлі күнге дейін жауапқа тартылмады» деп ашынады.

Жиған-тергенін, тапқан-таянғанын алаяққа беріп, алданғандардың бірі – Есен Қадиев. Осыдан 2,5 жыл бұрын жаңа үй алам деген үмітпен 9 миллионға жуық ақшасын Айбарша есімді әйелге берген. Алайда, осынша уақыт өтсе де, әлі үй-күйсіз жүр. Енді қыларға амалы таусылған.

Есен Қадиев, қала тұрғыны:

- Мен біреуден 1000 теңге алсам, мені сол уақытта жабылып соттайды. Ал, неге ол адам 185 млн теңге алып тұрып, неге жазасын бермейді алаяқтардың. Жалғыз мен емес, мына жерде әлі де адамдардың бәрін алдап отыр. Адамдар түспесін прокуратураға келіп тұрмыз, неге іс қаралмайды?

180 миллионға жуық ақшаны алды деген Айбарша есімді қала тұрғынына да хабарласып көрдік. Алайда, ол барлығының жабылған жала екенін айтып, заң шеңберінде шешілетінін жеткізді.

Қылмыстық іс осыдан 9 ай бұрын басталған. Алайда, сотқа жолданған іс кері қайтарылыпты. Жауаптылардың айтуынша, қазір тергеу амалдары қайта жүргізіліп жатқан көрінеді.

Аршат Тайтуллин, қала прокуроры:

- Алаяқтық фактісі бойынша 6 эпизодпен қылмыстық іс қозғалып, өзінің ретімен сотқа жолданған. Бүгін күні сот ҚК-тің 323-бабымен кері қайтарылды. Қазір қылмыстық іс тергеу сатысында. Жақын арада сотқа жолдайтын боламыз.

Алдағы 1 ай уақыт ішінде тергеу аяқталып, іс сотқа тағы жолданбақ. Жаңа үй алып берем деген алаяқтың сөзіне сенген кейбіреулер өзінің тұрып жатқан пәтерлерін де сатып жіберіпті. «Қазір олар жалдамалы үйде тұруға мәжбүр. Күрмеулі мәселе тезірек шешімін тапса», - дейді олар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин