Түркістан облысында 600 медицина қызметкері вакцина салдырды

Түркістан облысында коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 600-ге жуық медицина қызметкері вакциналаудан өткен. Өңірге ресейлік «Спутник-V» вакцинасының 1300 дозасы жеткізіліп, барлық ауданға таратылды. Қазір ерікті түрде вакцина салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Айта кетейік, облыста қауіпті індетке қарсы екпе салатын 20 орын дайындалған. Сонымен қатар вакциналарға арналған арнайы мұздатқыш камералар орнатылған. Бүгінге дейін екпе салдырған азаматтардың денсаулығы жақсы. Екпеден кейін ауруханаға түскен жағдайлар тіркелмеген. Вакцина ең алдымен жұқпалы аурулар ауруханасының, жансақтау және қабылдау бөлімінің дәрігерлеріне, одан кейін жедел жәрдем қызметкерлеріне салынды. Екпе қабылдаған азаматтар үш күн бойы дәрігердің бақылауында болады.

Нұрбек Нышанов, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Қазіргі таңда індетті жоюдың бірден бір жолы – вакцинация. Сондықтан облыс тұрғындарын міндетті түрде кезең-кезеңмен вакцина салдыруға шақырамын. Ешқандай қорқыныш жоқ.