Астанада жастар секонд-хенд дүкеннен киінуді оғаштық санамайды

Елімізде соңғы жылдары қолданылған киімге сұраныс артқан. Секонд-хендке қызығушылық, әсіресе жастар арасында байқалады. Тіпті киінудің бұл мәдениетін сарапшылар экологиялық апаттардың алдын алу құралы ретінде қарастырады. Отандастарымыздың ұстанымы қандай? 

- Вот этот пиджак, он по сути мужской, но мне очень понравилось, что он из настоящей шерсти и по очень доступной цене. И платье велюровое тоже очень понравилось и я ее купила.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айя әдетте секонд-хенд дүкендерінен киінеді. Бала күнінен винтажды сән үлгісіне қызыққан ол, бұл таңдауынан еш оғаштық көрмейді. Керісінше осы тенденцияға дұрыс көзқарастың қалыптасқанын қалайды.

Айя Нұрғалиева, қала тұрғыны:

- Көп жағдайда экологияның ластануына өзіміз себепкерміз. Кез келген өнімді саналы түрде тұтынсақ, көп мәселе шешімін табар еді. Сол үшін өз басым секонд-хенд дүкендерінің қызметіне жүгінгенді жөн көремін.

Бұл дәстүр бізге Батыс елдерінен келді. Оларда мұндай үрдіс әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық мәдениет ретінде бағаланады. Өйткені киім өндірісі табиғи ресурстарды көп шығындайды. Мәселен, тоқыма өнеркәсібінің салдарынан жыл сайын  ауаға 1,2 млрд тонна көмірқышқыл газы тарайды. Ал мақтадан жасалған бір жейденің шикізатын дайындауға шамамен 3000 литрге жуық су керек екен.

Асхат Сүлейменов, экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Сол мақтаны өсіру үшін миллиондаған, көп су кетеді. Ал жалпы статистиканы алып қарасақ, әлем бойынша жылына киім өндірісіне 400 млрд литр су кетеді екен. Ал БҰҰ сарапшыларының пайымынша, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан мемлекеттері 2030 жылға қарай су тапшылығына тап болады.

Әлемдегі су дағдарысынан бөлек мамандарды алаңдатып отырған оның сапасы. Себебі өзен-көлге төгілетін бояғыштардың құрамында улы химикаттар мен ауыр металлдар бар.

Асхат Сүлейменов, экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Енді 1 литр бояғышты дайындау үшін 150-200 литрге дейін су кетеді екен. Сонда есептеп қараңыз, әрбір киімнің өзінің көміртек ізі бар. Шет елдерде қазіргі таңда киімді, басқа затты алсаңыз, көміртек ізіне қарайды. 1 сатып алған жейдеңіз 15-20 кг көлемінде көміртек ізі болса ол нормада деп есептелуі мүмкін. Одан жоғары болса, ондай заттарды Батыс елдері, Еуропа мемлекеттерінде қолданбайды. 

Бұл мәселе соңғы кезде жиі көтерілгендіктен мамандар экосананы жаңғыртуды терең насихаттай бастады. Олар адам өз тарихына үңілу арқылы қоршаған ортаға қарым-қатынасын өзгерте алады деп есептейді.

Салтанат Сыздықова, тарихшы:

- Мысалы, біздің ата-бабаларымыз астрономия немесе география сынды арнаулы пәндерді оқымастан кез келген жердің бедерін анық айқындап, дәлме-дәл аттар қойған. Бұл адамның сол өмір сүрген ортасына, жеріне деген қарым-қатынасын, әрекетін білдіреді. Мысалы, «судың да сұрауы бар», «табиғатта тіл жоқ, бірақ мінез бар», «бір тал кессең, он тал ек» деген сияқты дүниетанымдармен өскен «қазақ халқында экомәдениет деген түсінік болмады» деп айту қате түсінік болар еді. 

Сайып келгенде барлығы табиғатпен санасудан басталады. Сол үшін ең алдымен киім өндірісі мен оның қалдықтарының көлемін шектеу қажет. Тек сонда ғана салмағын еңсере алмайтын салдардан аулақ болатынымыз анық. 

Еңлікгүл Дәулетқызы, Ализа Абай, Жандос Битабаров