Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзғандар жауапқа тартылды

Павлодарда «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Бір күнде 47 адам жауапқа тартылды. Олардың 16-сы шетел азаматы. Бесеуі елден шығарылса, заңсыз еңбек күшін пайдаланған 4 жұмыс берушіге айыппұл салынды.

Павлодар облысына Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстаннан адам көп келеді. Кейбірі туыстық қарым-қатынаспен келсе, қалғандары жұмыс іздейді. Көші-қон қызметінің мамандары шетелдіктер шекараны заңды түрде кесіп өткенімен кері қайтуға асықпайтынын айтады. Қазақстанда тұруға рұқсат етілген мерзімінен асып кеткен жағдайда олар әкімшілік жауапқа тартылады. Өңірде уақытша тұруға бір жылда 6 мыңнан астам шетел азаматы рұқсат алған. 5 мың 800 шетелдік тұрақты түрде тұрып жатыр. «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы ақпанның 19-на дейін жалғасады.

Қазбек Ахметов, облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрине Қазақстанмен тікелей шекарасы жоқ елдердің азаматтарына осы жерде пандемияға қарсы қалып қойған көмек көрсетіледі елдеріне оралуға. Бірақ осы жеңілдіктерді пайдалана отырып, елде заңсыз қалып қойғысы келетін азаматтар сол рейстердің тоқтатылғанын сылтауратып қалғысы келетіндерге шара қолданылатын болады.