ҚХА әлеуметтік желілерде алғыс айту эстафетасын жариялады

Көктемнің алғашқы күні – алғыс айту күні. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік желілерде алғыс айту эстафетасын жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Туған елге мың алғыс» хэштегімен бастау алған челленджге түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері үн қосты.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ия, ақ халаттылар мен ұстаздардың еңбегі ерен. Пандемия бұны тағы да еске салды. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оларға алғыс айтып, әлеуметтік желіде ақ жарма тілектерін білдіруге асықса керек.

Максим Споткай, қоғам белсендісі:

- Адамның тұлға ретінде қалыптасу жолында ұстаздың рөлі ерекше. Балабақша, мектеп, университеттегі ұстаздардан бөлек, өмір жолыңда кездесіп, жол көрсетіп, жөн сілтейтін ұстаздардың болатыны белгілі. Олар қарапайым жан немесе жоғары лауазымды азамат болуы әбден мүмкін. Менің өмірімде сондай жандардың көп екенін мақтанышпен айтамын. Ондай азаматтармен қазір де бірге жұмыс істеу – үлкен мәртебе. Сондықтан осындай парасатты, әділ, ұлттық мүдде үшін адал еңбегімен танылған барша ұстаздарыма алғысымды білдіремін.

Алғыс айту эстафетасына үн қосқандар сәт сайын артып келеді. Туған елге мың алғыс хэштегін қойып, жылы лебіз білдірушілердің арасында өзге ұлт өкілдері жиі кезедседі.

Аракел Хидирян, Павлодар облысы армян қауымдастығының мүшесі:

- Қазақстан – менің Отаным, кіндік қаным тамған жер. Сол елімнің игілігі үшін еңбек етіп келемін. Яғни, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында стартаптарды іске асырамын. Мұның бәрін туған елім, туған жерім үшін  жасаймын. Туған елге мың алғыс...

Авторы: Бақыт Топтаева