Түркістан облысында полиция санын көбейту керек – Депутат

Түркістан облысында полиция қызметкерлерінің санын көбейту керек. Мұндай ұсынысты бүгін Сенат депутаты Әли Бектаев айтты.

Өңірге саяхаттайтын туристер саны артып келеді. Облыс халқы да 2 миллионға жуықтаған. Бұл тұрғыда Түркістан еліміздегі халық тығыз қоныстанған аймақтың бірі. Демек, қоғамдық тәртіпті қатаң қадағалауда ұстау керек. Полицейлердің жетіспеушілігі азаматтар құқығын қамтамасыз етуге теріс әсер етіп отыр дейді депутат.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Облыстағы полиция қызметкерлерінің жалпы саны нормативтерден әлдеқайда төмен, әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есе жоғары. 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны республика бойынша 386 болса, Түркістан облысында – 185. Тіпті халық саны жағынан Түркістан облысынан екі есе аз өңірлерде полиция саны екі есе жоғары. Ондай фактілер бар. Бірақ ішкі істер органдарының негізгі қызметі адам құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау болғандықтан олардағы қызметкерлер саны да тұрғындар санына тікелей байланысты болуы тиіс.