Таразда 90 отбасы баспаналы болды

Таразда Наурыз мейрамы қарсаңында әрқайсысы 45 пәтерлі екі үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, 90 отбасы баспаналы болды. Олардың 18-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандар болса, 44-і әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағы отбасылар, 28-і мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер. Ал баспаналар 15-шағын ауданнан бой көтерген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлердің құрылысына бас-аяғы 700 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Ал олардың сапасына мердігер 5 жыл бойы жауапты болады. Айта кетейік, жалпы Тараз қаласында қазір 19 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

Жанар Жанбаева, қала тұрғыны:

– Біз бұл пәтерді күткенімізге 12 жыл болды. Аллаға шүкір, Наурыз қарсаңында үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Кең, зәулім пәтерге ие болып отырмыз. Әрбір отбасына осындай пәтерлер тілейміз. Баспаналы болыңыздар.