Алматы облысы Алғабас ауылында Наурызды мерекелеу бұлақ көзін ашудан басталды

Алматы облысында қосымша шектеу шаралары енгізілген. Сондықтан Әз Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілмейді. Дегенмен, әр үй қыстан қалған сүр етпен қазан асып, наурыз көже беріп жатыр. Жастар жағы ауылдың үлкендеріне сәлем беріп, бата алды. 

Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылында әз Наурызды мерекелеу бұлақ көзін ашып, ағаш көшеттерін отырғызудан басталды. Бұл іске ауыл жастарымен қатар ел ағалары да атсалысты. Олар ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай жалғасып келе жатқан тәмсіл сөз бен салт-дәстүрлеріміздің  мән-мағынасын түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа ақ баталарын берді.

Тұрсын Құтымбаев, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Қазақта ата-бабаларымыз айтқан өсиеттер көп. Соның бірі мына «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Жолда кедергі жатса, оны алып тастаңдар». Соны еске алып, мына тал егіп, осы жағдайды жасау сендердің міндеттерің, балаларым, қарағым. Иә, біз де сол ата-бабаларымыздың өсиетін балаларға айтуға міндеттіміз.        

Жетісу жерінде мереке күндері қосымша шектеулер енгізілгенімен, әр үйде қазан асылып, наурыз көже жасалып, ақ дастарқан жаюлы тұр. Ауыл өнерпаздары Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ән-жырдан шашу шашты.

- Бірінші әжелер ансамблі мүшелерін, сосын жас өнерпаздардың ән айтқанын көрсетеміз.

Макура Нүсіпова, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Өзімізден кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, қазағымыздың салт-дәстүрін айтып отырамыз. Қыста қысылып, жазда жадырап, көктем келіп, наурызымыз келіп жатыр. Үлкен кісілер былай-былай жүре алмайды, өлеңімізді айтып, көжемізді жасап, құттықтап келіп отырмыз.

Отарбай Ізқұтты, тыл ардагері:

- Иә, құдайым жарылқап, жақсылық берсін! Жастар қандай жақсылық тілесе тілеуін берсін. Істері оң болсын, істеген істері әбүйірлі, берекелі болсын!

Ауылдық мәдениет үйінде қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, тұсау кесу рәсімі көрсетілді. Жас көкпаршылар бұл күні басқа ұлттық ойындар ойналмаса да жаттығуларын үзгенді жөн көрмепті.

Дәурен Молдағали, Алғабас ауылдық округінің әкімі:

- Алғабас ауылдық округі дәстүр бойынша жылда Наурыз мерекесін дәстүрлі, кәдімгі үлкен деңгейде атап өтетінбіз ат жүгіртіп, көкпар шапқызып. Былтырдан бастап өздеріңіз білесіздер, осындай шектеулер орын алғаннан кейін амал жоқ, басқа салт-дәстүріміз болсын, ұлттық ойындарымызды жасамай жатырмыз. Демалыс күндері біз ұлттық ойын көкпарды жібермейміз. Себебі жастар өсіп келе жатыр. 

Ауылдық округте 2200 халық тұрса, соның 350-і жастар. Алғабас пен Қызылтоған ауылында  20 шақты көкпаршы бар. Олар елдің еңсесін езген індеттің тез арада тыйылып, көкпардың көрігін қыздыратын уақыттың көп ұзамай туатынына сенімді.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев