Алматы облысындағы ауыл тұрғындары кәсіп бастап жатыр

Алматы облысындағы ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызмет алуға ешқандай кедергі жоқ.

Үйінде отырып, ғаламтор арқылы ауылында қандай жұмыс орындары керегін біле алады. Сөйтіп, жұмысқа орналасып, тіпті өз кәсібін бастағандар да бар. Пандемияға қарамастан тәуекел еткен жанның бірі – Сәуле Тәжбағанбетова.

Алмас Садуақас, тілші:

- Сәуле Тәжбағанбетова Жандосов ауылында тұрады. Үйінің ауласында шағын ғана тауық қорасы бар. Көптен бері құс өсіріп, тауық санын арттырып, кәсіп етуге ниеттеніп жүрді. Бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Биыл мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы бизнес бастауға 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілетін білді. Сөйтіп, 1 айлық оқыту курсына қатысты. Жобасын қорғап, грант иегері атанды. Жыл басынан бері осындай грант 15 адамға бөлінген.

Сәуле Тәжбағанбетова, ауыл тұрғыны:

- Бұл грант кәсіппен айналысқысы келетін қарапайым жандар үшін тиімді. Берген қаражатқа шағын да болса құс фермасын салуды жоспарлаймын. Нарықта құс еті мен жұмыртқасына сұраныс қашан да бар. Кәсібімді дамытып, отбасыма ғана емес, қоғамға да да пайдам тисе деймін.

Сәуле Тәжбағанбетова экологиялық жағынан таза өнім өндіруге ден қоятынын айтады. Өйткені ауылда өндірілген құс етінің дәмі тіл үйіреді. Сондықтан ол сұраныстың болатынына сенімді. Қазіргі таңда ауыл халқы мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық түрде алуға дағдыланып жатыр. Ол үшін сервистік әкімдікте өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Ал, «Еңбек.кз» арнайы платформасы арқылы үйде отырып-ақ қажетті вакансиялар туралы біліп, бағдарлама жайлы толық ақпарат алуға болады.

Абылай Зуайда, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік қызмет көрсетуде еш кедергі жоқ. Қарасай ауданында жұмыспен 1300-ге жуық адам қамтылды. Негізінен қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар мен жастар практикасы. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту үшін старт-ап жобаға қаржы бөлінеді.

Орталық мамандарының айтуынша, іздеген адамға жұмыс табылады. Қазір ауданда заңгер, қаржыгер және техникалық-инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбай