Алматыда оқушылар арасында ковид жұққандар көбейді

Алматыда балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейген.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау демартаментінің хабарлауынша, өткен жылмен салыстырғанда ковид мектепке дейінгі балалар арасында 3 есе, оқушылар арасында 4 есе көбейген. Мәселен, былтыр қыркүйек пен желтоқсан арасында коронавирус 281 баладан анықталса, биыл жыл басынан бастап бүгінге дейін 1035 бала жұқтырған. Олардың 239-ы мектепке барып жүрген балалар, ал 796-сы онлайн оқып жүрген оқушылар. Сондықтан мамандар қашықтан оқып жатқан балалардың ата-аналарына сақтану шараларын қатаң ұстануды құлаққағыс етті.

Айта кетейік, Алматы 10 наурыздан бері «қызыл аймақта».

Садуақас Байғабылов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: 

- Балалар арасында аурудың көбеюі отбасындағы жағдайға байланысты болып отыр. Мәселен, ауырғандардың 80 проценті отбасынан жұқтырғандар. Осыған орай ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Балалардың әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска тағуын, адам көп жиналатын жерлерге бармауын қадағалау керек. Алматыдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты 4-тоқсандағы оқу форматы қосымша қарастырылатын болады.