Алматы облысы Кеген ауданындағы 6 ауылда медицина мекемесі жоқ

Алматы облысы әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі барысында бірқатар ауылда әлі күнге дейін медпункттер жоқ екені айтылған еді.

Жергілікті халық өңір басшысына осы мәселені шұғыл түрде шешу қажеттігін ашына жеткізген болатын.

Кеген ауданындағы Алғабас ауылдық округінде 1500-ге жуық халық тұрады. Дәрігерлік амбулаториясы Жаңаталап ауылында орналасқан. Ол 1981 жылы салыныпты. Содан бері жөндеу көрмеген. Ал Алғабастың өзінде емдеу мекемесі жоқ. Екі ауылдың ара қашықтығы шамамен 3-4 шақырымдай. Шалғай ауылда дәрігер тапшы. Алғабас ауылдық округіне дәрігерлер Жалаңаш елді мекенінен келіп, аптасына екі рет қабылдау жүргізеді.  

Ержан Иманқұлов, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылда 350-дей түтін тұрады. Ортамызды үлкен су басып өтеді. Бірақ бізде медициналық қызмет, ФАП бергі жақта жоқ. Халыққа бұл өте мұқтаж. Содан кейін дәрігер жоқ. Қай жаққа барып қараларын білмейді халық.

Бижамал Мырқасымова, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Медициналық көмек көрсету үшін міндетті түрде медициналық пункт керек. Қосымша тағы үлкен кісілер бар бұл жерде. Екі ауылдың ортасындағы қашықтық 3 километрге жуық, сондықтан жол қатынасы қиындық туғызады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Кеген ауданындағы 6 ауылда медицина мекемесі жеткіліксіз. Жергілікті тұрғындар дәрігерге көріну үшін көрші ауылдарға баруға мәжбүр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биылдан бастап мұнда модульді медициналық пункттер қойыла бастайтын болады.

Кеңсу, Мойнақ, Мыңжылқы, Темірлік ауылында да емдеу мекемесі жоқ. Медицина қызметкерлері халыққа үй жағдайында қызмет көрсетуде. Бұл елді мекендердің барлығына биыл модульді медициналық пунктер қойылады.

Кеңес Қабылбеков, Кеген ауданы әкімінің орынбасары:

- Контейнерлі медициналық пункт келсе, соны бірінші кезекте Алғабасқа қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Өте тиімді, оған күрделі құрылыстың қажеті жоқ. Сендвич панелден жинақталғандықтан, су жүйесі және электр энергиясы берілсе, басқа жағдайда үлкен проблема туындамайды.

Әзірге шалғай ауылдарға жылжымалы денсаулық кешені шығып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде. Кеген аудандық ауруханасына соңғы үлгідегі автобусқа орнатылған медициналық кешен өткен жылы 150 миллион теңгеге сатып алынды. 

Алмас Тлеулиев, Кеген аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Бұл жерде оның қызметі шалғай жатқан ауылдарға, елді мекендерге барып, сол жердегі медициналық көмекті қолжетімді ету. Флюрагафиялық, рентгенографиялық тексеру жүргізе алады. Зертханалық, ультрадыбыстық тексеру және жүкті әйелдерді акушер гинекологтың қарауы сол арнайы бөлмеде орналасқан.

Кеген ауданындағы туристер көп келетін Күрметі, Қайыңды, Көлсай көлдерінде де жылжымалы кешен қызмет көрсете бастайды. Биыл Жетісу жеріндегі шалғай ауылдарға 25 модульді медициналық пункт орнатылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев