Ақтөбеде жол сапасына қатысты ұйғарымды орындамаған лауазымды тұлға сотта жауап береді

Ақтөбеде тозығы жеткен жолдың жағдайына қатысты полицейлердің ұйғарымын орындамаған лауазымды тұлғаның ісі енді сотта қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшылары қала жолдарының сапасы нашар екенін мәлімдеп отыр. Ал жергілікті билік жол жөндеу жұмыстарын тек алдағы айларда қолға алмақ.

Көлік қозғалысы қашан да толастамайтын қала шетіндегі мына жолдың жыл сайын көктемдегі көрінісі осы. Бірнеше елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын бұл бағытқа 14 жыл бұрын асфальт төселген. Содан бері бір-ақ рет орташа жөндеу жұмысы жүріп, шұрық-тесігі жамалған. Дегенмен оның да сапасы көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпапты.

БЛИЦ:

– Қыстай жүрдік, жол жақсы болды. Соңғы бір айдың ішінде бәрі еріп кеткендей болды. Осы Ақжардың жолы. Келген сайын көріп тұрамын. Келген сайын нашарлап бара жатыр. Одан басқа қосарым жоқ.

– Жетісіне екі рет келемін. Жол жаман. Жайлап жүреміз. Енді істейтін шығар.

Қысқы кезеңнен кейін Ақтөбе көшелеріндегі жол жамылғысының нашар күйге түскенін полиция департаментінің қызметкерлері де анықтап отыр. Олардың айтуынша, қазір қаладағы көше жолдарының шамамен жиырма проценті жарамсыз. Оның арасында ойықтардың кесірінен көліктерге апаттық жағдай туғызатын және олардың тиісті ережені жиі бұзуына әкеп соғатын үш бірдей көше мен бірнеше көпірдің маңы бар. Ал бұған дейінгі тексерістің нәтижесінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне жіберілген ұйғарым уақытылы орындалмаған. Бұл үшін енді жауапты тұлғаға қатысты іс қозғалған.

Еркін Өтеген, әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы:

– Бұған дейін полиция департаменті көшелерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, шұңқырларды орнына келтіру бойынша мекемеге біздер ұйғарымдар бердік. Алайда біздің ұйғарымдар орындалмады. Сол себептен тұрғын-үй шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылып, қазіргі уақытта сол әкімшілік іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына қарауына жіберілді.

Ал қаладағы жолдардың жалпы жағдайы күн жылынып, жер кепкенде  бақыланбақ. Қазір құрамына әкімдік өкілдері мен қоғам белсенділері және өзге де ұйым қызметкерлері енген мониторингтік топ құрылған. Олар соңғы жылдары төселген және жөндеуден өткен көшелерді де назарға алмақ.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

– Ауа райы жақсарған кезде біз жол мәселесіне кірісеміз. Биыл қосымша 42 көшеде жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, Қызылжар, Рауан, Жаңақоныс елді мекендері де бар. Сондай-ақ көктем мен күзде көлік түгілі жаяудың жүруіне қиындық туғызатын Кірпішті ауылындағы бірнеше көше жолы бар. Жалпы, ондаған жыл бойы нашар күйде тұрған бағыттарды да қамтымақ ойымыз бар.

Қалада жол салу жұмыстары биыл тағы да жалғаспақ. Қазір дайындық шаралары қолға алынған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев